Биыл Алматыда жиі жауған нөсер жауындардың салдарынан, әсіресе Алатау ауданының тұрғындары қатты зардап шеккен болатын. Бірқатар көшелер мен ондаған аулалар жиі су астында қалып жатты.
Бұл жерде «Шаңырақ-2» шағынауданын да айтуға болады.
Қазіргі таңда осы шағынауданда орналасқан Ысқақов, Әулиеағаш, Жиделі, Күнбел, Сарыжаз, Жылысай, Марқакөл көшелерінде жауын-шашынға және селге қарсы қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 259,8 млн. теңге бөлінген.
Қала әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, су басу жағдайлары қалаға жаңадан қосылған және қаланың төменгі жағында орналасқан аудандарда жиі болып тұрады.
Өз сөзінде Алматы қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы Серік Әубәкіров қазіргі таңда «Шаңырақ» шағынауданында арықтар желісін салу және асфалт төсейтін жолдарды дайындау жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатқандығын жеткізді.
«Бұл инфрақұрылымдардың жұмыстары биыл қыркүйек айында толығымен аяқталады», - деді ол.