Алқалы жиынға Қазақстанның Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов пен Қазақстанның Көлік және коммуникация вице -министрі Сәкен Сәрсенов қатысты, деп хабарлады қаланың ресми сайты.
Жиынды ашқан қала басшысы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында еліміздің төрт қаласында (Астана, Алматы, Карағанды және Ақтау) мамндандырылған ХҚКО ашылатындығын, бұларда жол полициясының тіркеу-емтихан қабылдау қызметтерінің жүзеге асатындығын жеткізді.
Қазіргі кезде қала басшылығы мамандандырылған ХҚКО ғимаратының құрылысын аяқтады, компьютерлер қойылып, «ЦОН» электронды бағдарламасы орнатылды. Жаңа нысанның жалпы көлемі 5 мың шаршы метрден астам, ол күніне 1 мыңға жуық адамға қызмет көрсететін болады.
Мамандандырылған ХҚКО-да қалалықтар өте қысқа уақыт (40-60 мин) ішінде көліктерін тіркеп, жүргізуші куәлігін, мемлекеттік нөмірлерін алады. Жаңа нысанда емтихан қабылдайтын бөлмелер, көлік жүргізетін автодром, айыппұл төлейтін терминалдар да бар. Мұнда Алматы қаласы Жол полициясы жанындағы процессингтік орталық орналасқан.