Алматының Алатау ауданының кәсіпкерлері 200 жетім баланы қамқорлыққа алды

АЛМАТЫ. Тамыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ - Алматының Алатау ауданында кәсіпкерлер 200 жетім баланы қамқорлыққа алды.


Олар   балаларды тек мектепке дайындап  қана қоймайды,  жыл бойына оларға  қамқоршы  болады.    ҚазАқпарат тілшісіне бұл туралы  аудандық  білім басқармасының бастығы  Салтанат  Досматова   хабарлады.

 Оның айтуынша,  «Мектепке  жол»   акциясы ауданда тамыздың 5-інде  басталды.    Мұғалімдер  учаскелерді  аралап,    базарларды тексеруде.  Бұл іс-шараның мақсаты -  тұрмысы  төмен отбасылардағы балаларды анықтау.   Аудандық әкімдік  биыл  мектеп директорларымен тығыз ынтымақтасып   жұмыс істеуде.

 Бүгінде ауданда    көп балалы  отбасының  721   оқушысы,   тұрмысы төмен отбасылардан    1247    бала    есепте  тұр.   С.Досматованың   хабарлауынша, тамыздың 27-сінде  «Ұлжан» ықшам ауданындағы   №152  мектепте    салтанатты рәсім өтіп,  онда    барлық балаларға оқу құрал-жабдықтары  табыс етіледі.   Оған қоса,    200 оқушыға   мектеп киімі,   150 оқушыға - мектеп портфельдері  табыс етіледі.  Бұл  заттарға  қаражатты 17 кәсіпкер бөліп отыр.