Алматының «Алғабас» ықшам ауданының тұрғындары көше жолдарына шағымданды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының «Алғабас» ықшам ауданының тұрғындары көшені су басып, батпақ болғаны, жаяу адамдарға жүрудің мүмкін еместігі жайлы видео түсіріп, оны әлеуметтік желіге салып, шағымданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған мәселеге орай Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков жауабын жазды. Оның айтуынша, бүгінде барлық көшеге инертті материалдар, яғни, асфальт үгіндісі мен құм- қиыршық тас қоспасы себіліп жатыр.

«Тұрғындар үздіксіз сумен қамтуды және кәріз жүйесін қажет етеді, ал құрылыс жұмыстарының қиындықтарына төзгісі келмейді. Жаз бойы «Алғабаста» су тек кешкі уақытта берілді, себебі, сумен қамтудың меншік ұңғымалары арқылы су берілді. Біз бүгінде орталық сумен қамтуды қосудамыз, сондықтан ықшам ауданның жолдарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте қазіргі жағдайға шыдауға болады деп санаймын. 18 көшеге асфальт төседік, 20 көшеге қоспа жайылды. Ал барлығына күш пен қаражат жетпейді, бірақ, қоспа төсеу жұмысын жүргіземіз. Бұл Қарасай ауданынан қосылған жаңа ықшам аудан. Видеода мұнда өмір бойы асфальт болғандай көрсетесіз. Мұнда жөндеу жұмыстарына дейін де ештеңе болған жоқ, Қарасай ауданында да осындай жағдайда болды. Инженерлік желілерді төсеу аяқталған соң, біз асфальттау жұмысын толық аяқтаймыз», - деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, «Алғабастағы» мәселе бойынша Алматы қалалық моблиьділік басқармасы да мәлімдеме жасады.

«Аталған ықшам аудандағы жол-құрылыс жұмыстары «Алғабас ықшам ауданындағы жолдардың құрылысы» жобасын іске асыру аясында жүргізілуде. Оның ішінде ұзындығы 32 шақырым болатын 98 көше бар. Бұл жоба мемлекеттік сараптамадан өткен, Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасымен және қаланың өзге де мүдделі қызметтерімен келісілді. Алматы қаласы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы қазіргі уақытта «Алғабас» ықшам ауданда инженерлік коммуникациялар тарту жұмысын жүргізуде. Жол-құрылыс жұмыстары инженерлік коммуникацияларды орнату жұмыстары аяқталған учаскелерде басталды. Жоба бойынша жұмыстар 2022 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Бүгінгі күні ұзындығы 6,8 шақырым болатын 21 көшеде қатты жабын бар», - деді басқармада.