Алматының Алмалы ауданында қарашаға дейін тағы 10 көше жөнделеді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының Алмалы ауданында қараша айына дейін 10 көше жөнделеді. Бұл туралы шаһар әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен кездесуде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының сөзінше, ауданда 8 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1,3 шақырым болатын тротуар желісіне жөндеу және құрылыс жұмыстары жүргізілді.

«Қарашаға дейін жалпы ұзындығы 10,2 км болатын тағы 10 көшені қосымша орташа жөндеумен қамтимыз»,- деді ол.

Сондай-ақ Е.Досаев атап өткендей, Алмалы ауданы тұрғындарының өтініші бойынша 11 тамыздан бастап Тілендиев пен Брусиловский көшелерінің аралығындағы Есенжанов пен Шәкәрім көшелерінде біржақты қозғалыс енгізілді. Бұл аталған учаскеде конфликтілі жағдайлар мен кептелістерді болдырмауға, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.