«Алматының бұрынғы әкімі В.Храпуновқа қатысты қылмыстық іс құпия жүргізіледі» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 3 тамыз шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 3 тамыз, сәрсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласында салынып жатқан метро құры­лы­сы нысанында болып, тасы­мал қызметінің іске қосылу шара­сына қатысты. «Абай» және «Жібек жолы» станса­ла­ры ара­­лығындағы бағытты жүріп өткен Президент еліміздегі тұң­ғыш метро қызметінің алғаш­қы желісінің қосылар мезгіліне, қызмет көрсету са­па­сы мен азаматтардың қауіп­сіздік ша­расы секілді бірқатар мәсе­ле­лерге назар аударды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Басылымның атап өтуінше, Алматы метрополитенінің ал­ғашқы кезегін биыл желтоқсанда, Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына орай тапсыру көзделіп отыр. Бірінші желінің құрамына жалпы ұзындығы 8,56 км. бо­латын 7 станса кіреді. Толығырақ «Елбасы Алматы метросымен жүріп өтті» деген мақаладан біле аласыздар.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев ха­лыққа би­ылғы Жолдауында: «Өмір бойы білім алу әрбір қазақстандықтың жеке кредосына айналуы тиіс» деп атап өткені мәлім. Шынында, үздіксіз білім алу тәуелсіз елдің әрбір азаматының бас­ты парызы болса керек. «Білімді мыңды жы­ғады» деген аталы сөз де тегін айтылмаған ғой. Осы тұрғыдан келгенде, елдігімізді алып, еңсемізді тіктеген күннен бастап Елбасы әскери білім беру ісін де алдыңғы орынға қойып, соның арқасында Отанымыздың қарулы күштері білімді де білікті сарбаздармен толығып отыр. Қазіргі таңда Қорғаныс министрлігіне бес жоғары, бір техника­лық және кәсіптік оқу орны мен жалпы білім беретін бір орта мектеп қарайды. Міне осы білім ордаларындағы білім үдерісі жайында «Егемен Қазақстан» газетіндегі «Әскери оқу орындары мемлекеттік білім бағдарламасы аясында жұмыс істейді» деген мақаладан егжей-тегжейлі біле аласыздар.

***

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновқа қатысты қозғалған қылмыстық іс құпия түрде жүргізіледі. Бұл туралы «Айқын» газетіндегі «Қылмыстық іс құпия жүргізіледі» деген мақалада кеңінен баяндалған. «Қаржы полициясы 27 мамырда Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың үстінен Қылмыстық кодекстің 308-бабы бойынша екі қылмыстық іс қозғаған болатын. Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтің мәлімдеуінше, тергеу мүддесіне қайшы келетін жағдайда, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процессуалдық кодексінің 205-бабы талаптарына сәйкес, бұл алдын ала тергеу жариялылыққа жатпайтын болып шықты», - деп жазады басылым.

Баға біртіндеп өсіп келеді. Оған күнде дүкенге кірген сайын көз жеткізесің. «Түу, ақшаның құны қалмай барады» деп бір кейисің де қоясың. Басқа қолыңнан келер не бар? Осы мәселені көтерген «Айқын» газеті «Баға жайлы болжам шындыққа айналып келеді» деген тақырыппен мақала басты. Жарияланымға тұздық ретінде қаржыгер Ғалым Байназардан алынған шағын сұхбатты да қоса беріп отыр. «Рас, инфляция деңгейі белгіленген мөлшерден асып кетуі мүмкін болып тұр. Бұл туралы Халықаралық валюта қоры мамандары да мамыр айындағы мәлімдемесінде айтқан болатын. Осы сөз шындыққа айналып келеді. Біз бірінші жартыжылдықтың есептеріне талдау жасап отырмыз. Бұл көрсеткіштерге қарағанда, инфляция деңгейі белгіленген мөлшерден артықтау», - дейді қаржыгер.

***

Биылдан бастап әскер қатарына алынатын бозбалалардың денсаулығы ғана емес, діни көзқарасы да есепке алынатын болады. Әсіресе болашақ сарбаздың лаңкестік діни ұйымға қатысының бар-жоқтығы жіті тексерілмек. Мамандардың айтуынша, әскери борышын өтеп жүрген азаматтарға діни ғибаттарды қатар алып жүру мүмкін емес. Дегенмен болашақ сарбаздарды діни көзқарасына қарай іріктеуді қателік деп санайтын сарапшылар да табылуда. Бұл жайында тереңірек білгіңіз келсе, «Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Ой-көкпар» айдарында «Әскерге шақырылғандардың діни көзқарасын тексеру керек пе?» деген тақырыптағы ауған соғысының ардагері Болат Сайлан мен «Кворум.кз» сараптамалық тобының директоры Әділ Кәкеновтің бір-біріне кереғар пікірлерін оқыңыз.

«Алаш айнасы» газетінің тұрақты «Дат!» айдарында өнертапқыш Алмат Салғарамен арадағы сұхбат «Алаш» жүйесі ұлттың атын әлемге танытса деп армандаймын» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Алаш» жүйесі - автокөліктің белгіленген жылдамдық шегінен асуына мүмкіндік бермейтін, жылдамдықты мәжбүрлеп шектейтін, жүргізуші қанша тырысып, темір тұлпарын «тебінсе де» жылдамдықты шектен асыра алмайтын ырықтандырғыш «құдіреті» бар құрылғы», - дейді өз өнертабысын таныстыра келіп.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовті қабылдады. А. Есімов Президентті мегаполистің әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы хабардар етті. «Кездесудің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкіміне бірқатар тапсырмалар берді», - деп жазады басылым.