Алматының экс-бас қаржы полицейіне қатысты сот үкімі шықты

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат  - Алматы Қаржы полициясының бұрынғы басшысы Әмірхан Аманбаев және іске қатысты қылмыстық топтың 35 мүшесіне сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот үкімімен Аманбаев жалған кәсіпкерлікпен айналысуға көмектескені, қылмыстық қауымдастық құрып, оған жетекшілік еткені, ақша жымқырып, қызмет бабын асыра пайдаланғаны, пара алғаны үшін жеке мүлкі тәркілене отырып, өмірбақи мемлекеттік қызметте қызмет істей құқығынан айырыла отырып, 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режімдегі түзеу колониясында өтейтін болды. 
Сонымен қатар, сот оны «Құрмет», 2-ші дәрежелі «Даңқ» ордендерінен, «ІІІ сыныпты мемлекеттік кеңесшісі» шенінен айыру туралы Қазақстан Президентіне ұсыныс шығарылды. 
Сот оның ұйымдасқан қылмыстық топпен жалған фирмалар арқылы 111 млрд теңге қолма-қол ақша алғанын анықтады. Келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 31 млрд теңге. 
Сотқа дейінгі тергеу амалдары барысында және істің сот қарауында болғанында мемлекет кірісіне 8 млрд теіге қайтарылды. 
Іске қатысты өзге сотталушылар Сергей Ильин және Нұрлан Шаукеров жалған кәсіпкерлікпен айналысып, қылмыстық топ құрғаны және жетекшілік еткені және пара беріп, ақша жымқырғаны үшін сот үкімімен жеке мүлкі тәркілене отырып, өмі бойына басшылыққа қызметке орналасуына тыйым салына отырып, 16 жылға бас бостандықтарынан айырылды. 
«Іске қатысты бір адамның кінәсіз екенін дәлелденді. Оны заңсыз қылмыстық іске тартылғаны үшін шығын өтелетін болады. Е.Баудинова, И.Карпинская, М.Авазбаева, Д.Шимоваларға сот гуманизм танытып, олардың жас балалары бар екенін әрі жүктілігін ескере отырып жазаны кейінге шегеру туралы шешім шығарды», - деді қалалық соттың баспасөз қызметінен. 
Қалған 26 адамға сот үкімімен 4 жылдан 10 жыл аралағында жеке мүлкі тәркілене отырып, өмірбақи жетекшілік қызметке тағайындалу құқығынан айырыла отырып, қатаң режімдегі түзеу колониясында жаза өтеу тағайындалды. Сот сотталушылардан мемлекет қазынасына 1 872 000 000 теңгенің мүлкін тәркілеп алды.  Сотталушылар тарапынан мемлекет қазынасына 1 980 444 9636 теңге өндірілді. 
Басты сот талқылауы 3,5 айға созылып, барлығы 260 куәгер сотта куәлік берді. Қылмыстық іс 1 340 томнан тұрады.
Сонымен қатар, аталған қылмыстық іске тағы да бірнеше тұлғаны тартуға жеке қаулы шығарылған. 
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Аманбаев 2015 жылдың наурыз айында ұсталды. Ол үйқамақта болды, айлайда ҚР ҚПК 146-бабының 2-тармағын бұзғаны үшін 2016 жылдың 28 қарашасында қамауға алынды.