Алматының хайуанаттар бағында көкөніс қоймасы бар жем-шөп блогы салынбақ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының хайуанаттар бағы евростандарттарға сай болады. Бұл туралы зообақ директоры Сейілхан Ақылбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикердің айтуынша, көкөніс қоймасы бар жем-шөп блогының құрылысы осы айда басталады. Ол қосалқы шаруашылық егістіктерінен және күзде арзандатылған бағамен сатып алынған көкөністер мен жемістерді сақтауға мүмкіндік бермек.

Сонымен қатар, «Африкалық саванна» кешенін салу жоспарланып отыр. Онда 100-ге жуық жануардың 25 түріне дейін орналастырылады.

«Жаңа экспозиция пайдалануға берілгеннен кейін жануарларды ұстау шарттары табиғи мекендеу ортасына барынша жақын болмақ. Ол экспозиция жыл бойы жұмыс істейді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2024 жылға жоспарлап отырмыз», - деді Сейілхан Ақылбеков өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Сондай-ақ, хайуанаттар бағында жалпы аумағы 1,5 гектар болатын «Арктика» кешені салынады. Осының арқасында хайуанаттар бағы ақ аюлардың жас жұбын сатып ала алады. Ал, ілбіс мен сілеусін үшін салынатын қоршау Алматы қаласы мен Іле Алатауының символын (қар барысы) көрсетуге мүмкіндік береді. 2024 жылы «Тропикалық жұмақ немесе маймылдар елі», «Мадагаскар», «Қазақ даласы» кешендерінің құрылысы да жоспарланған. Сонымен бірге, жаңа ветеринарлық клиника салу, жабайы жануарларды реинтродукциялау орталығы жобалары жасалмақ.

Аталып өткендей, биыл зообақтағы 21 жануардан 33 төл алынған.

«Бізде көк қошқар, пони, кенгуру, жайра, мысық лемурлары, ала бұғы, қодас, Чапман зебрасы, сусиыр, қарақұс балапандары, құмай, жапон тырнасы, тау қазы, африкалық сұр жылан және т.б. төлдері туды», - деді Сейілхан Ақылбеков.

Сондай-ақ, биыл 55 жануар ауырған, бұл – бақтағы хайуандардың 1%-дан сәл астамы.