Алматының хирургтері ауыр жарақат алған мотоциклші бозбаланы аяғынан тік тұрғызды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыдағы №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміне мықын буынына түскен сирек әрі күрделі жарақатпен 17 жастағы жігіт жеткізілген. Бозбала мотоциклден құлап жарақат алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Компьютерлік томография жүргізіліп, диагноз қойылды: ортан жіліктің бас жағы сынған, жаншылған, ортан жілік жамбастан тайып кеткен. Мұндай жағдайлар жол-көлік оқиғасы кезінде кездеседі», - деп хабарлайды қалалық денсаулық сақтау басқармасынан.

Ортан жіліктің жамбастан шығып кетуі – ауыр жарақат. Оны жазу үшін ортан жіліктің шығып кеткен бас жағын шұғыл алып тастау керек. Ауыр ота қажет. Жедел ем-дом қабылдау үшін компьютерлік томография жасалуы тиіс.

Жағдай сирек кездесетіндіктен емхана дәрігерлері АҚШ-тың жетекші маманы Djoldas Kuldjanov, MD, St-Louis-пен жамбастың сынуына қатысты онлайн кеңес өткізді. Отаның жоспары, емдеу мен оңалту әдісі мақұлданды. Стационардың дәрігерлері пациентке 3 сағат бойы ота жасады.


«Бәлкім, біз пациентті дәл осындай жас кезінде жамбас буынының ертеден эндопротезденуінен құтқарып алған секілдіміз. Отадан кейін есін жиған соң жас жігіт ең бірінші кезекте мотоциклге отырмауға уәде берді. Жаз айлары – мотожарақаттардың кезеңі. Біз жолда абай болуға, жылдамдық режимін сақтап, мұқият жүруге шақырамыз», - деді №4 қалалық клиникалық аурухананың ортопедиялық хирургия бөлімінің жетекшісі, жоғары санатты дәрігер Мейрамбек Жұмагұлов.

Қазіргі уақытта жас жігіт ауруханадан емделіп, өз аяғымен шығып кеткен.

Отаны №4 қалалық клиникалық аурухананың травматология мен хирургия саласындағы жетекші мамандар жасаған.