Алматының ішіндегі қоғамдық көлік бағыттары тек заманауи техникалары бар парктерге ғана беріледі-Ахметжан Есімов

АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Қала әкімі Ахметжан Есімовтың айтуынша, қазіргі кезде жолаушылар тасымалдауда троллейбустардың үлесі 9 пайыз көлемінде ғана.

«Әйтсе де троллейбустар электр энергиясымен, яғни түтінсіз жүреді. Бұл қала экологиясы үшін өте қажетті. Сондықтан болашақта біз Еуро-3, Еуро-4 талаптарына жауап беретін, газ немесе электр энергиясымен жүретін заманауи қоғамдық көліктері бар парктерге ғана қала ішіндегі бағыттармен жүруге рұқсат береміз»,- деді А. Есімов бүгін Алматыда газбен жүретін автобустардың таныстырылуы рәсімінде.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Алматыға газбен жүретін алғашқы 20 автобус әкелінді. Бүгін олардың таныстырылымы өтіп, қала әкімі Ахметжан Есімов қоғамдық көліктің осы түріне отырған алғашқы жолаушылардың бірі болды.