деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Онда болашақта салынатын төрт ірі нысанның жобасы қаралып, бекітілді. Олар: «Көктөбе» таулы аймағындағы көлік тұрағы мен оның айналасын түбегейлі жөндеу жобасы. Сайын мен Жұбанов көшелерінің бойына жол айрығын салу жобасы. Абай-Радостовец-Мыңбаев-Розыбакиев көшелерінің тоғысқан жеріне салынатын ірісауда - сауық нысанының жобасы. Қонаев атындағы арнаның солтүстігі мен Солтүстік айналма жолының батыс аймағына астында ірі автокөлік тұрағы бар ірі сауда кешенін салу жобасы. Алғашқы екі жобаға тапсырыс берушілер - Сәулет және қала құрылысы, Жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармалары.
Ахметжан Есімовтің айтуынша, жаңадан салынатын бұл құрылыс нысандары қала тұрғындарына ғана емес меймандарға да пайдалы болуы тиіс. «Көктөбенің» архитектуралық-жоспарлы шешімінде аймақтық және визуалды, мәдени-сауықтық, этнографиялық, технологиялық, спорттық аумағы ескерілуі қажет. Бұл жобаны жасаушылар Республика сарайы мен «Көктөбе» аумағының кешенді дамуын басшылыққа алуы керек. Мұнда автокөлік тұрағы, гондольді жол, қаламен байланыс қамтылып, аумақтың ландшафты басты назарда болғаны жөн. Әсем аймақтың келбетін кетіретін жекеменшік құрылыстар алынып тасталуы тиіс. Осындай нақтылы жоба іске асқан кезде бұл аймақ қаламыздың басты туристік орталығы мен мақтанып көрсететін көзайымына айналатын болады.