Алматының қай ауданында ең ауқатты адамдар тұрады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда өтіп жатқан 5-инвестицялық форум барысында қала әкімінің орынбасары қай ауданның тұрғындары көп жалақы алатынын айтты.

Шенеунік тауар мен қызмет бағаның өсуі және табыс туралы баяндады.

«Алматылықтардың сатып алу мүмкіндігі жоғары. Қалада Медеу, Бостандық, Алмалы аудандарының тұрғындары ең көп табыс табады. Бұл аудандар қаржылық, экономикалық орталық саналады. Мұнда халық орта есеппен 250-270 мың теңге алады. Түрксіб, Жетісу аудандарында орта есеппен 150-170 мың теңге төлейді. Себебі, онда өндіріс орындары көбірек. Сондықтан, қала тұрғындарының сатып алу қабілеті әртүрлі. Республика бойынша алматылықтардың сатып алу мүмкіндігі жоғары», - деді А.Мәдиев.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметкер аталған аудандардағы тауар бағасының қымбаттығын тілге тиек етті.

«Біз бағаны бақылап отырамыз. Тауар бағасының үстінен 35-40%-ы саудагердің табатын табысы. Мұнда жол шығыны да кіреді. Тауар бағасы нарық заңдарымен қалыптасады. Бағаны еркіне жіберсе, жанармаймен байланысты жағдай сияқты ушығып кетуі мүмкін. Біз нарыққа араласпаймыз, мұның бәрін нарық өзі реттейді. Әкімдік тек бақылап отырады. Кей жерде алыпсатарлықтың белгісі байқалса ғана араласамыз», - деді Алмас Мәдиев.