Алматының қазынашылық департаменті басшысының орынбасарына қатысты қылмыстық іс қозғалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті «Алматы қаласы бойынша қазынашылық департаменті» ММ басшысының орынбасары Б. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлады қаржы полициясының баспасөз қызметінен.

Аталған іс 307 баптың 2 бөлімі бойынша, яғни лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалануға қатысты болып отыр.

«Басшының орынбасары өзі үшін пайда табу мақсатында қызметтік өкілеттігін теріс пайдалана отырып, «Алматы қаласы Құрылыс басқармасы» мекемесінің қаржыландыру бөлімінің бастығы мен бухгалтерінен ақысыз түрде құрылыс материалдарын ұсынуды талап еткен. 2014 жылдың 14 сәуірінде ол жалпы құны 659 мың теңгенің 10 тонна цементі пен 4 тонна арматураны алған»,-делінген хабарламада.