Алматының Кедендік бақылау департаменті "Күзетші - 2011" және «Валюта» алдын алу іс-шарасын өткізіп жатыр

АЛМАТЫ. 26 қазан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -"Күзетші - 2011" және «Валюта» жедел алдын алу шаралары еліміздің кедендік аймағына заңсыз тауарлардың өтіп кетуінің алдын алу мен анықтауға және тыйым салынған тауарлардың енуін қадағалауға бағытталған.

Жедел профилактикалық шаралар барысында бірнеше заң бұзушылық фактілер анықталған.

Мәселен, 19 қазан күні, жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында Алматы қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің Контрабандаға қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы халықаралық әуежайының ұшып келу залында, «Үрімші-Алматы» бағытындағы әуе рейсімен ұшып келген 1954 жылы туылған, ҚР азаматын ұстады. Қолға түскен күдіктінің жүктерін тексеру барысында, одан акустикалық тыңдауға және бейнешегендеуге бейімделген арнайы техникалық құрал алынды. Қазіргі таңда бұл тәркіленген заттар бойынша іс жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалу қарастырылуда.