Қолма-қол ақшамен төлеу толығымен күшін жойды. Бұл туралы бүгін «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС баспасөз қызметінен хабарлады.
«Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС мен жолаушы тасымалдаушы компаниялар арасындағы келісімшартқа сәйкес, «ОҢАЙ» картасын тіркеу терминалы істен шыққан жағдайда қоғамдық көліктің жүргізушісі көлікті тоқтатуы тиіс. 15 минут ішінде «ОҢАЙ» контролері келіп, өзінің терминалы арқылы жолаушыларға басқа қоғамдық көлікке ауысып отыруға мүмкіндік беретін билет үлестіреді. Ал жолаушылар сол арқылы 90 минут аралығында осы бағдардағы келесі қоғамдық көлікке отырып, қосымша ақша төлеместен діттеген жеріне бара алады.
Осыған байланысты, жолаушылардан қоғамдық көлік жүргізушісіне және кондукторына жол ақысын төлемеулерін сұраймыз. Бұдан былай «ОҢАЙ» картасы жоқ жолаушылар билетсіз жүрген жолаушы болып саналады. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүрген қоғамдық көлік жүгізушісі жауапкершілікке тартылады», - делінген хабарламада.
Дәлірек айтсақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 622-ші бабының 2-ші тармағына (Қала және қала маңына қатынайтын қоғамдық көлікті пайдалану ережесін бұзу) сәйкес, қоғамдық көлікте жол ақысын төлеуден жалтарған жолаушыға екі айлық есептік көрсеткіш (4 242 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 623-ші бабының 9-шы тармағына (Жолаушыларлды билетсіз алып жүру) сәйкес, қала және қала маңына қатынайтын трамвай, троллейбус және бағдарлық таксиде жолаушыларды билетсіз алып жүрген жүргізушіге - бес айлық есептік көрсеткіш (10 605 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
2016 жылдың 18-ші қаңтарынан бастап, «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы және БАҚ өкілдерін тарта отырып, қаладағы қоғамдық көліктерде билетсіз жүрген жолаушыларды анықтау мақсатында арнайы рейдтер ұйымдастырады.
Айта кетелік, 2016 жылдың 11 қаңтарына қарай, қалада барлығы 560 827 «ОҢАЙ» көлік картасы сатылған және берілген. Олардың ішінде «ОҢАЙ» жеңілдікті көлік карталарының саны - 346 741, ал сатылған Бірыңғай көлік карталарының саны - 214 086.
2015 жылы «ОҢАЙ» көлік картасы арқылы 231 231 475 теңгеге 3 733 447 рет транзакция жасалған.
Ал 2016 жылдың 1-10 қаңтары аралығында (10 күн ішінде) «ОҢАЙ» көлік картасы арқылы 67 290 240 теңгеге 1 179 361 транзакция жасалды.