Алматының қоғамдық тамақтандыру орындарында өрескел заң бұзушылықтар анықталды

АЛМАТЫ. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Алматының Жетісу ауданының учаскелік полиция қызметкерлері 14 қоғамдық тамақтандыру орынын тексеріп, олардың өрескел заң бұзушылықтармен жұмыс істеп отырғандарын анықтады, деп хабарлайды қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.

Тексеру барысында қоғамдық орындардың көпшілігінің кәуәпты заңсыз пісіргені анықталған. Бұл онсыз да нашар қаланың экологиялық жағдайына нұсқан келтіреді. Оның үстіне сексеуілді пайдалану заңмен қатаң бақыланады. Алайда табысты ойлаған дәмханалардың иелері заңды сақтамайды, бұнымен қоса шет елдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланады. Жетісу ауданындағы тексеру барысында кәуәп пісіріп тұрғандардың басым бөлігі құжаттары жоқ Тәжікстан мен Өзбекстан азаматтары екендігі анықталған. «Санитарлық кітапшанің қажеттігі туралы бұлардың көпшілігі білмейді. Тексеру барысында көше бойында, жүргіншілер жолы маңында заңсыз орналасқан кәуәп пісіру орындары анықталды. Бұларда кәуәпті дайындаудың өзі талапқа сай жүргізілмеген» дейді Жетісу аудандық ІІБ-ның бастығы Қанат Таймерденов.

Тексеру қорытындысы бойынша аудандық ІІБ-на 18 адам жеткізіліп, оның 8-і шет ел азаматы болғандықтан уақытша оқшаулау бөлмесіне қамалған.