Алматының күл-қоқысы Шығыс Еуропаға экспортталады
00:13, 05 Желтоқсан 2014
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімдігі осындай жобаны мақұлдады. Құны 540 млн АҚШ доллары болатын жоба «Алатау» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылатын болады.
Зауытта қаладағы №1,2,3 Жылу энергостансаларынан шыққан күл-қоқыс өңделіп, құрылыс материалдарын жасайтын шикізат жасалады.
«Бұл жобаның ең маңыздылығы өнімнің экспортқа бағытталғандығында. Негізінен бұл шикізат Шығыс Еуропаға, Чехия мен Венгрияға экспортталады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ербол Шорманов.
Оның айтуынша, зауытты салу Алматының экологиялық ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді.
«Қазір қалада 2 млн. тоннаға жуық күл-қоқыс сақталып отыр. Бір ғана жылыту маусымынан кейін 600 мың тонна күл шығарылады. Жаңа жоба сәтті жүзеге асса, осындай үлкен экологиялық мәселенің де шешімін табуға болады», - деді Е.Шорманов.