Баспасөз туры барысында мамандар журналистерге таулы өзендерде судың лайлану деңгейінің жоғарылау себебін түсіндіріп, осыған байланысты Алматыда ауыз судың қысымы төмендегенін және су берудің шектелгенін айтты.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Ерлан Әлібековтың сөзінше, соңғы 13 күнде аптап ыстыққа тау шыңындағы мұздықтар да шыдас бермей жатыр.
Жағдайға байланысты мореналық көлдерді әуеден бақылау, тексеру жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр.
«Біз қазір әуеден шолу жасадық, Кіші Алматы өзенінде су деңгейінің жоғарылағанын көрсетті. Жалпы, дәл осындай жағдай басқа өзендердің арналарында да байқалады. Су деңгейінің жоғарылауы өзен жағалауын шаяды. Бұл өзендегі бастапқы судың лайлануының жоғарылауына әкеледі», - деді ол.
Осылайша сумен жабдықтаудың шектелуі техногендік мәселе емес, тек табиғи құбылыстардан туындап отыр.
Қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда мегаполис жер асты және жер үсті сумен жабдықтаудың алты негізгі көзімен қамтамасыз етілген.
«Жер үсті көздерінің негізгілері Кіші Алматы, Үлкен Алматы, Ақсай және Қарғалы өзендері. «Медеу» су қабылдағышы Медеу ауданының батыс бөлігін қамтамасыз етеді. Біз суды сүзгі станциясына жеткізе алмаймыз, себебі ол бітеліп қалып, қала үшін нақты техногендік қауіп пайда болады. Лайлану азайып, су тазарған кезде «Медеу» су қабылдағышы толады», - деді Талғат Малыбаев.
Ауыз су тапшылығын қазіргі уақытта Наурызбай ауданының кей бөлігі көріп отыр. Ал Медеу ауданының бір бөлігінде су тоқтағалы бүгін бесінші күн. Медеу ауданының әкімі халықты тіршілік нәрімен қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылданғанын айтты.
«Кеше біз 8 су таситын көлікті, бүгін тағы 6 көлікті жұмылдырық, ертең олардың санын 18 бірлікке дейін арттырамыз. Бұл ретте су мөлшері шектелмейді, яғни тұрғындар өз қажеттіліктеріне сәйкес су алады. Биоәжетханаларға келсек, бүгінгі таңда Медеу ауданының оңтүстік бөлігінде 28 бірлік орнатылды. Әрі олардың саны тұрғындардың сұранысы бойынша көбейеді», - деді Еркебұлан Оразалин.