Алматының Медеу ауданында су тапшылығы қалай шешіледі
Еркебұлан Оразалин былтыр күзден бастап Медеу ауданында су қысымының төмендеп кеткенін айтты.
Себебі, соңғы 30 жылда аталған ауданда ауқымды құрылыс жүргізілді.
Сондай-ақ ол баспасөз туры барысында БАҚ өкілдеріне жаңа су қоймасының құрылыс алаңын көрсетті.
Айтуынша, резервуардың құрылысы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен төтенше жағдай желісі бойынша жүзеге асырылуда.
Жобаның әкімшісі - Медеу ауданы әкімдігінің аппараты.
«Нысан өте маңызды, оны іске асыру биыл Медеу ауданының оңтүстік бөлігіндегі бірқатар шағын ауданды тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба жалпы су шығыны 220 м³/сағ дейін төрт меншікті ұңғыманы бұрғылауды және әрқайсысының көлемі 3 мың текше метр екі үлкен су қоймасының құрылысын қарастырады. Жұмыс принципі - ұңғымалар резервуарларды толтырады. Осылайша, 20 мыңға жуық тұрғын тұрақты сумен қамтамасыз етіледі», - деп түсіндірді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі.
Жобаны іске асыру мерзімі – 2023 жылдың желтоқсаны.