Алматының мемлекеттік мектептерінде 133 мың бала тегін тамақтанады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматылық оқушылардың 45% жуығы немесе 133 мың бала мектептерде тегін тамақтанады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, бұл мақсаттарға жыл соңына дейін жергілікті бюджеттен 5,3 миллиард теңге бөлінген.

«Келесі жылы азық-түлік құнын 560 теңгеден 800 теңгеге дейін көтердік, 2023 жылдың бюджетінде бұл үшін 18 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылды.Оқушыларды ұтымды теңгерімді тегін тамақпен қамтамасыз ету үшін маусымдық және жас ерекшеліктерін ескере отырып, қаланың барлық мектептері үшін орталықтандырылған 4 апталық ас мәзірі бекітілген», - деді Әсем Нүсіпова.

Бұған дейін Алматы кәсіпкерлері оқушыларды тегін тамақтандыруға бөлінген қаражат шығынды ақтамайтынын айтқан болатын.