Алматының Наурызбай ауданында агроөнеркәсіп кешені салынады

Алматы. ҚазАқпарат-Наурызбай ауданының әкімі Сайран Сайфеденов инвестициялық форум барысында қайта біріктірілген ауданның экономикалық әлеуеті жөнінде айтып берді.

Наурызбай ауданы 2014 жылы құрылған, оның 6967 гектар жері бар. Ауданда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған 700 жер телімі бар. «Аудан аймағында пайдалануға жарамды бос жатқан жерлер де жетерлік. Біз олардың арасынан 175 гектарды құрайтын 28 учаскені таңдап алдық. Онда коммерциялық нысандар, көппәтерлі тұрғын үйлер, өндіріс базалары мен өзге де әлеуметтік нысандарды салуға болады»,-деді ол. 

Ал, ауданның инфрақұрылымына қатысты сөз қоғай келе Сайфеденов бүгінгі таңда 1200 орындық мектеп пен «Ақжар» мөлтек ауданында 1 ауысымда 500 адам қабылдай алатын емхана салынып жатқандығын айтты.

Бұған қоса, 2014-2016 жылдар аралығында мұнда ұзындығы 50 км болатын 70 көше жөнделген. Сонда-ақ су ағатын жүйелер мен ұзақтығы 20 км болатын 8 магистральды көшелер жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр.

Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Дандыбаевтың сөзінше, «Құрамыс» мөлтек ауданында аквапарк салу жоспарда бар.

«Райымбек даңғылының бойында көптеген көппәтерлі үйлер бой көтереді. Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешені салынады. Құрылыс мерзімі туралы айтуға әлі ерте. Әзірге оған инвесторларды тарту жұмыстары жүріп жатыр»,-дейді Дандыбаев.

Сонымен қатар, ауданның негізгі капиталға деген инвестиция көлемі 6,5 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көп. 2016 жылы негізгі капиталға сырттан келетін инвестициялар 23,6 млн теңгені құрады.