Алматының Наурызбай ауданында ауызсу мәселесі қалай шешіліп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімі Наурызбай ауданы, Ақжар шағынауданындағы сумен жабдықтауға арналған каскадты сорғы станциясының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Шаһар басшысының айтуынша, Наурызбай ауданында сумен қамтамасыз ету проблемасы аудан аумағы мегаполиске қосылғаннан кейін пайда болды.

«Бұл мәселе 10 жылдан астам уақытқа созылып келді. Бүгінде сорғы станциясы салынды. Басты міндет – тұрғындарды тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету. Біз жүзеге асырып жатқан жобалар тұрғындар таудағы су көзіне тәуелді болмауын шешуге мүмкіндік береді», – деді Ерболат Досаев.

Құрылыс жұмыстары осы жылдың мамыр айында басталды. 1 тамызда станция пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта су беру штаттық режимде жүзеге асырылуда.


«Ақжар» сорғы станциясы Ақжар шағынауданын сумен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Негізгі технологиялық цикл «Премьера» сорғы станциясынан басталады. 1 тамыздан бастап Ташкент көшесінен Жандосов көшесіне дейін су берілді. Сондай-ақ Ақжар шағынауданында су және кәріз желілерін төсеу жұмыстары жүргізілуде, олар 80% орындалды. Жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», – деді Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Талғат Малыбаев.

16 тамыздағы жағдай бойынша Ақжар шағынауданында 3600-ге жуық жеке үй, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үй құрылысы мен білім беру мекемелерінің ғимараты жыл бойы суға үздіксіз қол жеткізді.


Сумен жабдықтаудың жаңа желілерін салу бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының аяқталуына қарай бірқатар көшенің абоненттері қосылады.

Нысан жобалық қуаттылыққа шыққаннан кейін 22 мыңнан астам тұрғыны бар шағынауданның 5 мыңға жуық үйі ауыз сумен қамтамасыз етілді. 2023 жылдың соңына дейін Қарғалы өзенінде жаңа сүзгі станциясының құрылысы, 2025 жылдың соңына дейін Ақсай өзенінде осындай сүзгі станциясының құрылысы аяқталады.

Бұл Наурызбай ауданының және Алматы облысының 150 мың тұрғынын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


«Тереңдігі 300 метр 5 скважина бұрғыланды, сорғы станциясы орнатылды және Алатау-Абайдың екінші көтергіш сорғысына су жиналды. Мұнда 5-10 мың текше метр су жинайтын екі резервуар салынды. Сондай-ақ Ақжарға су жіберетін сорғы станциясы орнатылды. Сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін тәулік бойына сағатына 360 текше метр су жібереміз. Бұл сорғы станциясы қазір тоқтаусыз жұмыс істейді», – деді «Qazaq Stroy Almaty» ЖШС бас энергетигінің орынбасары Төлеген Жанғұрбаев.

Жүргізілген жұмыс барысын тексеруді қорытындылаған қала әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарын сапалы және үздіксіз сумен қамтамасыз ету жұмысын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.