Алматының Наурызбай ауданында Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Наурызбай ауданында Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды, деп хабарлады «ХҚҚО» РМК баспасөз қызметі.

Салтанатты рәсімге ҚР ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Бек Арпабаев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильин, «ХҚКО» РМК бас директоры Әсемгүл Балташева қатысты.

Жаңа ХҚКО-да Алматының Наурызбай ауданының тұрғындары құжаттандыру бойынша қызметтерді қоса, барлық қажетті анықтамалар мен құжаттарды ала алады. Халыққа қызмет көрсету орталығы Ақжар шағынауданы, Егінсу к., 33 мекенжайы бойынша орналасқан және таңғы сағат 9-дан кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді,

ҚР ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Бек Арпабаев тың айтуынша, ХҚКО ашу қажеттілігі Алматыда жаңа ауданның құрылуына байланысты туындады. «Бұрын осы ауданның тұрғындары басқа ХҚКО-ларға жүгінетін, бұл оларға үлкен жүктеме тудыратын, енді бұл мәселе шешілді. Алматы сияқты мегаполисте тағы бір ХҚКО ашу мемлекеттік қызметтерді неғұрлым жедел көрсетуге жол береді және олардың сапасын арттырады деп ойлаймын», - деп атап өтті ол.

Жаңа ХҚКО-да 50 инспектор жұмыс істейді, құжаттарды қабылдау және дайын құжаттарды беру үшін 20 жұмыс орны бар.

Сондай-ақ Арпабаевтың сөзіне қарағанда, қызметті алушылар үшін ыңғайлы жағдайлар жасауға баса көңіл бөлінген: ХҚКО жаңа жиһазбен жабдықталған, 30 автомобильге тұрақ бар, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін пандус қарастырылған, шақыру батырмасы жұмыс істейді.

Жаңа ХҚКО Алматыда есеп бойынша 9-ыншы екендігін айта кеткен жөн. Бұған дейін қалада автокөлік иелері үшін мамандандырылған ХҚКО-ны қоса, 8 халыққа қызмет көрсету орталығы жұмыс істеді.

Өткен жылы Алматының ХҚКО-ларында 4 миллионнан астам, ағымдағы жылғы 4 ай ішінде шамамен 2 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілді.