Алматының «Олжа» базарындағы өрттің күштілігінен төбе мен қабырға құлаған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы барахолка жайма базарындағы өрт туралы хабар бізге тым кеш келіп түсті. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен брифингіде Алматы қалалық ТЖД Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Айдос Сейсебекұлы Нүсіпбаев мәлімдеді.

«Алматының барахолка жайма базарындағы «Олжа» базарына іргелес орналасқан «Алмалы» базарындағы өрт туралы хабар Алматы қалалық «101» кезекші бөліміне тым кеш келіп түсті. Алғашқы өрт сөндірушілер тобы өрт туралы хабар келіп түскен соң, 7 минуттан кейін, яғни 16 сағат 33 минутта келіп жетті. Бұл уақытта өрт ашық сипатта жанып жатқан еді. Өрттің аумағы - 1 000 шаршы метрден асып кеткен болатын. Оның үстіне жұмыс күні болғандықтан, оқиға орнына дер кезінде келіп жету қиын болды. Базардың айналасында машиналар тым көп болды. Ал сатушылар жапа-тармағай жанталасып, тауарларын, қораптарын жүретін жолдарға үйіп жатты. Өкінішке қарай, базар аумағындағы өрт сөндіру гидранттарындағы су қысымы да әлсіз болды. Өрттің күшті болғандығы соншалық, бетон қабырғалары биік қоймалардың төбесінің құлап кету қаупі туындады. Тауар тиелген  контейнерлердің тығыз орналасуы да өртті сөндіруге кедергі келтірді. Өрттің аумағы - 3 000 шаршы метрді құрады. Осы себептен тілсіз жауды жоюға екі тікұшақ тартылды. Олар  өрт ошағына барлығы - 35 рет су септі. Бұл 100 тоннадан астам су. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 360-тан астам қызметкер, 50-ден астам техника және екі тікұшақ жұмылдырылды. Өрт 18 сағат 43 минутта ауыздықталып, 21 сағат 55 минутта толығымен сөндірілді. Қазір өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Оқиға орнында өрт сөндіру зертханасы жұмыс істеуде. Келтірілген залалдың көлемі әзірге белгісіз»,-  деді А. Нүсіпбаев.