Алматының өңірлік стартап хабқа айналар мүмкіндігі жоғары - Ә. Исекешев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматының өңірлік стартап хабқа айналар мүмкіндігі жоғары. Өйткені, Қазақстан бойынша ғылыми-зерттеу институттарының 50 пайызы Алматыда орналасқан.

Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімдігінде қала басшысы Бауыржан Байбектің төрағалығымен өткен іскерлік кеңес барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

«Әлемдік экономика қазір шикізат бағасының арзандауы және өткізу нарығының тарылуына байланысты жаңа ұзақ мерзімді даму кезеңіне өтіп жатыр. Бұл жағдайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке бірнеше бағытта жұмыс істеу керектігін тапсырды. Солардың ішінде негізгі бағыт - Ұлты жоспары - 100 нақты қадамды жүзеге асыру. Алматыға қатысты жобалар көп. Олар - көлік саласын дамыту, Үлкен Алматы айналма тас жолы құрылысы, халықаралық авиациялық хаб қалыптастыру, туризм және басқа да жобалар. Сонымен қатар, алдағы жылдан бастап «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Алматы мен Астана қалалары арасында магистралдық жол салуға арналған «Солтүстік-Оңтүстік» жобасын жүзеге асыру қолға алынады. Бұдан басқа, индустриялық аймақтар мен инновациялық кластерді дамытуға күш салынады. Бұл жобалар бойынша Алматы әкімдігімен тығыз байланыста жұмыс істейтін боламыз», - деді Ә. Исекешев.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев 2016 жылы «Инновациялық технологиялар паркі» Арнайы экономикалық аймағын дамытудың екінші кезеңін аяқтау жоспарланып отырғандығын жеткізді.

«Мұнда технологияларды дамыту бойынша трансұлттық компаниялардың қатысуымен 2018 жылға дейін 5 орталық ашылады. Олар жаңа технологиялар, ақылды орта, электронды коммерция, коммуникациялық технология сынды бағыттарда жұмыс атқарады. Әрине, жаңа жұмыс орындары ашылады. Жалпы, Қазақстан бойынша ғылыми-зерттеу институттарының 50 пайызы Алматыда орналасқан. Сондықтан, қаланың өңірлік стартап хабқа айналар мүмкіндігі жоғары», - деді Ә. Исекешев.