Аудан әкімі атап өткендей, жергілікті атқарушы органдар тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарып жатыр.
«NLS Kazakhstan компаниясымен бірлесіп, Нұршашқан мөлтекауданының тұрғындарын жоғары жылдамдықты интернетке қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 176 абонент қосылды, кезекте 36 адам тұр», - деді аудан әкімі.
2021 жылдың соңына дейін осы интернет-провайдер Әлмерек және Маяк шағынаудандарына жоғары жылдамдықты интернет өткізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта оптикалық магистраль құрылысы пысықталуда.
Сонымен қатар, «Қазақтелеком» компаниясы қыркүйек айында мөлтекауданда интернет өткізуді жоспарлап отыр. Ол Көктау, Тараз, Ақжамал, Арқар, Жаяу Мұса, Сұлушаш, Көрімдік 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17 көшелерін, 300-ден астам абонентті қамтитын болады. Айтпақшы, Қайрат шағын ауданында 1200 үйдің 300-ге жуығы «Қазақтелеком» АҚ интернетіне, сондай-ақ 15-тен астам абонент NLS Kazakhstan желілеріне қосылды.
Б.Ақжаров әкімдіктің өткен жылы онлайн оқытуға көшуге байланысты байланыс операторларымен бірлесіп, базалық станцияларды орнату бойынша үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті. Аудан бойынша Қайрат, Нұршашқан, Әлмерек шағын аудандарында қосымша алты базалық станция орнатылды.
Авторы: Еламан Тұрысбеков