Алматы – шетсіз қала. Осы тұжырымдамаға сәйкек, жергілікті билік мегаполистің сыртында орналасқан ықшам аудандарға басымдық беріп отыр. Әсіресе, қалаға кейіннен қосылған аумақты таза ауыз сумен қамтамасыз ету өзектілігін жойған емес.
Мегаполисті сумен жабдықтаудың технологиялық тізбегіне су құбырын қосу жұмыстары қатар аяқталуда. Диаметрі 400 мм және ұзындығы 3,4 км таза су резервуарлары мен каскадты сорғы станциясы бар су құбыры «Ақжар» шағын ауданының желілерін қаланың жерасты су қоймаларына қосатын болады.
Нысан жобалық қуаттына жеткен соң 22 мыңнан астам тұрғыны бар «Ақжар» шағын ауданының 4 мыңға жуық үйі ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
«Ақжар» шағын ауданының сумен жабдықтау және кәріз жүйесін дамыту жобасын іске асыруды аяқтау барысында мұнда 28,8 км желі салу көзделген. Наурызбай ауданында барлығы 130 км су құбыры және 65 км кәріз желілері салынды.
2023 жылдың соңына дейін Қарғалы өзенінде жаңа сүзгі станциясының құрылысы аяқталады. Ал 2025 жылға дейін Ақсай өзенінде осындай сүзгі станциясының құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Мұның бәрі Наурызбай ауданының 150 мың тұрғынын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Айта кетерлігі, «Ақжарда» ауыз су проблемасы 2014 жылы Наурызбай ауданының мегаполистің құрамына кіргенге дейін болған. «Ақжардағы» су жыл сайын сәуірден қазанға дейін болмай қалады, ал егер пайда болғанның өзінде жергілікті тұрғындардың шағымдары бойынша лай және лас.
Елді мекен тұрғындары бөшкелерге су жинап, оны үнемдеуді үйренді, бірақ ол тұрмыстық қажеттіліктерге жетпейтін еді.
Ыстық кезеңде балалар мен зейнеткерлер су тапшылығынан қатты зардап шегеді деп шағымданады жергілікті тұрғындар.
«Біз отбасымызбен «Ақжарда» 2002 жылдан бері тұрамыз. Әртүрлі себептермен 20 жылдан астам уақыт ауыз су мәселесі шешімін таппай келді. Көктем, жаз айларында су болмайтын. Биыл осы қордаланған мәселесі шешілді. Біз өте қуаныштымыз. Бәріне рахмет айтамыз. Бұған дейін өзіміз суды тасып жүрдік»,- дейді аудан тұрғыны Әбіш Сұлтанов.
Тағы бір тұрғын Бақытгүл Дармешова «Ақжар» шағын ауданында 30 жыл тұрады. Оның айтуынша, осы жылдар ішінде судың шектелуі сәуірден қазанға дейін созылады.
«Алматы су» ММК ресми өкілі Серік Шәкіровтың сөзінше, әкімшілік тарапынан соңғы төрт жылда көп жұмыстар атқарылды.
«Әкімшілік тарапынан соңғы төрт жылда көп жұмыстар жасалып жатыр, Соның ішінде су және кәріз құбырлары салынды. Бұған дейін жаз мезгілінде бау - бақшаны суғаруда су тапшылығы болды. Осы мәселені шешу үшін 2022 жылы үлкен сүзгі станцияның құрылысы басталды 2025 жылы қосылады. Одан бөлек, үлкен инженерлік нысан салынды. Қаламен байланыстыратын су құбыры төселді. Сондай-ақ бес ұнғыма іске қосылды. Екі су қоймасы және сорғы станциясы пайдалануға берілді. Төрт мың үй яғни 28 халқы бар Ақжардың осы бөлігі толық сумен қамтамасыз етілетін болады»,- дейді ол.
Наурызбай ауданының әкімі Нәзира Тоғызбаева қазір аудан халқының 30 пайызы орталық сумен қамтамасыз етілген жеткізді.
«Қазіргі уақытта аудан халқының 30%-ы орталық сумен қамтамасыз етілген (Қалқаман және Алтын-Алаш шағын аудан – 100%). Қарағайлы, Ақжар, Таусамалы, Тастыбұлақ, Шұғыла, Таужолы сияқты шағын аудандарында жазғы кезеңде сумен жабдықтауда шектеу проблемалары бар. Бұл мәселе жыл сайын сәуірден қазанға дейін өткір тұрады. Мәселен, қазіргі уақытта каскадты әдіспен су берудің іске қосу-реттеу процесі жүргізілуде. Тұрғын үйлерді салынған су құбырына сегменттік қосумен қатар, оны мегаполисті сумен жабдықтаудың технологиялық тізбегіне қосу жұмыстары аяқталуда, - деді әкім.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішетінін айтып, әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырған болатын.
«Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. «Ерменсай» және «Барлық» өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды. Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға тәуелді. Сондықтан сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек», – деді Президент.