Алматының шеткі аймақтарында 40 шақырымнан астам жаңа жол салынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Жаңа Алматының» шеткі аймақтарын дамытудың кешенді жоспарын жүзеге асыру жөнінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, инженерлік инфрақұрылымды дамыту аясында биыл 300 шақырымға жуық су құбыры мен кәріз желісі тартылды.

Нәтижесінде «Жаңа Алматы» ықшамаудандарының 50 мың тұрғыны орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.

«2019 жылы сыртқы жарықтандыру желілерін орнатуды талап ететін жарығы жоқ көшелерді анықтау бойынша аудит жүргізілді. Нәтижесінде 2 жылдың ішінде қаланы толықтай жарықтандыру бойынша шешім қабылданды. Жыл соңына дейін қала шетіндегі 1423 көше жарықтандырылады. Бұл қаланың Алатау, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб сынды 4 ауданын 100% жарықтандыруды қамтамасыз етеді»,–деді әкім.

2021 жылдың соңына дейін қалған Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу аудандарындағы 601 көшені жарықтандыру жоспарланған. Осылайша, Алматы қаласы 100% жарықтандырылады.

«Жол инфрақұрылымын дамыту аясында «Жаңа Алматының» ықшамаудандарында 42,8 шақырым жол салынды. Ұзындығы 192 шақырым болатын 270 көшеде орташа жөндеу жұмыстары аяқталды, 86 шақырым тротуар салынып, жөнделді. 4 саябақ және 5 жаяу жүргінші аймақтарын абаттандыру қарастырылған»,– деп атап өтті Б.Сағынтаев.

Соынмен қатар, ол биыл жоспардағы іс-шаралардың барлығы толығымен орындалғанын тілге тиек етті.

Келер жылы шеткі аймақтарды дамыту жобасы іске асырылады, оған жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді.