Алматының сот актілерін орындау қызметі заң бұзушылықтарға жүйелі түрде жол беріп отырған - ҚР Бас прокуратурасы

ТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Алматының сот актілерін орындау қызметі заң бұзушылықтарға жүйелі түрде жол беріп отырған. Бұл туралы бүгін Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.

Алматы қаласының сот актілерін орындаушыларының өндірісінде барлығы жалпы сомасы шамамен 500 млн. теңге болатын 300 мыңға жуық тыйым салынған нысандарға құжаттар бар екендігін атап өткен ресми өкіл: «Мүліктерді тәркілеу туралы мәселені шешуді созбалаңға салу сақтау қызметі үшін төлем ретінде бюджет қаражаттарын негізсіз шығындауға әкеп соғуда. Мәселен, 2010 жылы тәркіленген мүліктерді сақтау жөніндегі шығыстар 7,4 млн. теңгені құраса, ал мүліктерді сатудан бюджетке барлығы 12,5 млн. теңге ғана түскен», - деді.

Оның атап өутінше, жекелеген жағдайларда жойылуға жататын заттарды ұзақ уақыт сақтауға да жол берілуде. Атап айтқанда, 13 мың бөтелке болатын алкоголь өнімдері шамамен 5 ай сақталып, кейін жойылған. Оларды сақтауға арналған шығыстар шамамен 1 млн.теңгені құраған.

«Ішінара тексеру мемлекет кірісіне тәркіленген 50 млн.теңгеден астам сома болатын мүліктің жетіспеушілігін және жоқ екендігін анықтады.

Осы факті бойынша Алматы қалалық прокуратурасы ҚК 357-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады, тергеу жүргізілуде. Жалпы, тексеру нәтижелері сот орындаушыларының заң бұзушылықтарға жүйелі түрде жол беріп отырғандықтарын растайды. Анықталған заң бұзушылықтарды, сондай-ақ оларға ықпал еткен себептер мен салдарларды жою мақсатында Бас прокуратура Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне ұсыныс енгізді, оларды қарау нәтижесі бойынша Алматы қаласының атқарушылық іс жүргізу органдарының бірқатар лауазымды тұлғалары тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деді Н.Сүйіндіков.