Алматының тарихи орталығындағы 24 жер учаскесі мемлекетке қайтарылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жекелеген нысандардың құрылысы тоқтатылып, рұқсат құжаттары қайтарып алынды. Бұл туралы брифинг барысында қалалық Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алмасхан Ахмеджанов атап өткендей, қазіргі уақытта Алматының тарихи орталығы шегінде жеке меншік иеліктегі 36 жер учаскесі анықталды. Учаскелер 2 топқа бөлінген: құрылысы басталған және бос жатқан. 14 учаскеде құрылыс басталған, оның ішінде 3 объектіде жұмыстар тоқтатылды және рұқсат құжаттары қайтарып алынды. Тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, 11 объект бойынша қажетті ұсынымдар берілді (жол жүру, абаттандыру, қабаттар саны бойынша сызбаларын ұйымдастыру және тағы басқа).

Бос жатқан 22 жер учаскесі бойынша мыналар шешілді: 8 учаскені қайта сатып алып, аумақты абаттандыру, көгалдандыру және қоғамдық кеңістіктерді ұйымдастыру; 14 учаске бойынша қала құрылысына шектеулер белгіленді: жасыл желектерді кесуге тыйым салу, қолданыстағы құрылыстарды ескере отырып, қабаттарды шектеу, функционалдық пайдалану бойынша шектеу.

Сондай-ақ атап өтілгендей, тарихи орталықтың шекарасы шегінде орналасқан және игерілмеген 24 жер учаскесін қаланың коммуналдық меншігіне сатып алу ұсынылып отыр.

Олардың екеуі Алматы қаласының проблемалық несиелер қорынан жер беру арқылы қала қорына ауысты. Бұл Абылайхан – Құрманғазы, Панфилов – Шевченко көшелерінде.

Алмасбек Ахмеджанов Алматының тарихи орталығында «нүктелі» құрылысты тоқтату туралы шешім қабылданғанын жеткізді.

«Біз терең талдау жүргіздік. Қолданыстағы заңнаманың талаптарын ескерместен бір нәрсе алу, өзгерту және тоқтату мүмкін емес еді. Бас жоспарды түзетудің аяқталу кезеңінде қолданыстағы заңнамада қолдануға болатын барлық материалдар жиналды және терең талдау жүргізілгеннен кейін Алматы қаласының әкімі қаланың орталық бөлігіндегі сәулет-құрылыс қызметін реттеу үшін тиісті тапсырма берді», - деді А.Ахмеджанов.

Оның айтуынша, соңғы екі жылда Алматының тарихи орталығында нысандар салуға рұқсат берілген жоқ. Рұқсатты қайтарып алу жүргізілген және құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Қазір бұл жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылатын болады. 2018 жылға дейін салына бастаған нысандар аяқталу сатысында.

Тарихи орталықта биік ғимараттар салуға тыйым салынбақ. Бос жер учаскелеріндегі бұрын бұзылған тарихи ғимараттар біртіндеп қалпына келтіріледі.

Мысалы, Панфилов-Төле би көшесінде үш қабатты нысанды – министрліктің бұрынғы ғимаратын, кейіннен институт пен кәсіпкерлік қызметі нысанын қалпына келтіру ұсынылды. Сондай–ақ, Қазыбек би-Қалдаяқов қиылысындағы бұрын «8 марта Советское» деп аталған Сәулетшілер одағының екі қабатты ғимаратын қалпына келтіру ұсынылған.

Еске салайық, Алматы қаласының әкімдігі Қаланың бас жоспарына сәйкес тарихи орталықтың шекарасын анықтады:

- оңтүстік жағынан Абай даңғылы бойынша

- шығыс жағынан Қармысов және Қайырбеков көшелерімен Гоголь көшесіне дейін

- Гоголь көшесі бойымен Бұзырбаев көшесіне дейін

- Мақатаев көшесімен Панфилов көшесіне дейін

- Панфилов көшесімен Райымбек даңғылына дейін

- Райымбек даңғылымен батыс бағытта Сейфуллин даңғылына дейін,

- Сейфуллин даңғылынан Жібек жолы көшесіне дейін

- Жібек жолы көшесі бойымен Масаншы көшесіне дейін

- Досмұхамедов және Байтұрсынов көшелерімен Жамбыл көшесіне дейін

- Жамбыл көшесі бойымен шығыс бағытта Мұқанов көшесіне дейін,

- Желтоқсан көшесімен Абай даңғылына дейін.