Қалалық Сәулет басқармасының өкілдері Қоғамдық кеңестің инновация, инвестиция, мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен тұрғын үй коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша отырысында Бас жоспардың неге қабылданбай жатқаны туралы айтты.
Басқарма басшысының айтуынша, олар Сейсмология институтының картасын күтіп отыр.
«Сейсмология институтымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар қараша айында аудандардың сейсмикалық картасын әзірлеуі тиіс болған. Олардың басшыларымен тілдескен кезде қарашада бітеді деген болатын. Алайда сонда да кепілдік жоқ. Карта дайын болса, жаңа мәліметтерді ескере отырып құжаттарды бекіту бойынша жұмыстарды жалғастырамыз. 2018 наурызда негізгі процедураларды бітіруді көздеп отырмыз», - деді басқарма басшысының орынбасары Алмасхан Ахмеджанов.
Қоғамдық кеңес мүшелері басқарма өкілдеріне қала тұрғындарының арызын жеткізді. Атап айтқанда тұрғындар Шевченко мен Құрманғазы көшелерін бір бағытты еткенде кептеліс азаймағанын айтып шағымданған.
Басқарма басшысының орынбасары қаладағы көлік, сәулет, табиғатты қорғау саясатымен түрлі институттар айналысып келгендігін алға тартты.
«20 қыркүйекте Мемлекет басшысы «Алматы бас жоспары» ҒЗИ қайта ашуға тапсырма берген болатын. Қазір институт әділет органдарында тіркеліп жатыр. Шевченко көшесінің кептелісіне келсек, бұл жерде шағын ғана жол учаскесі қарастырылып жатыр. Ал Алматы бас жоспары ҒЗИ бұл мәселені тұтас қала көлемінде қарайтын болады», - деді А. Ахмеджанов.
Айта кету керек, 2030 жылға дейінгі Алматы қаласының бас жоспарының жобасын қалалық сәулет және құрылыс басқармасының тапсырмасымен «Алматыгипрогор-1» ЖШС жасады. Бас жоспарды түзеткен автор - Алтай Сатыбалдин.
Бұдан біраз ай бұрын Алтай Сатыбалдин ҚазАқпарат тілшісіне жобаның мән-жайынан хабардар еткен болатын.
Алайда ол құжаттың қашан бекітілетінін айтпады. Қазір қалада 2002 жылға дейінгі бас жоспар бойынша жұмыс істеліп жатыр.