Алматының жол полицейлері жол- көлік оқиғасының азайғанына қарамастан, жалпы жағдайға алаңдаушылық білдіруде

АЛМАТЫ. Қаңтардың 18-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Алматы жол полицейлері қалада жол- көлік оқиғасы мен зақым алғандардың азайғанына қарамастан жалпы жағдайға алаңдаушылық білдіруде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Статистика деректеріне қарасақ, жыл басынан бері жол- көлік оқиғаларынан жеті адам мерт болса, 60-тан астамы түрлі жарақат алған. Тәжірибе мен статистикаға көрсеткеніндей, негізінен жаяу жүргіншілер жол бойындағы арнайы белгілерге қарамай, жолдың кез-келген жерінен өту арқылы апатқа дұшар болады екен.

Сондай оқиғаның бірі Алматыдағы Алатау ауданында кешке қарай орын алған. «Көкқайнар» кентіне қарай кетіп бара жатқан «Мерседес» автокөлігі жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Белгілі болғандай, зардап шеккен ер адам жолды белгіленбеген жерден қиып өткен.

«Жаяу жүргінші ауыр зақым алған. 43 жасар алматылықтың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», дейді жол полициясы бастығының орынбасары, подполковник Мұхтар Аманбеков.

Дәл осындай жол- көлік оқиғасы Райымбек даңғылының бойында орын алған. «БМВ» автокөлігінің жүргізушісі 33 жасар жігітті қағып кеткен. Зардап шеккен азамат түрлі жарақатпен 4-ші қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.