Алматының жол сақшылары «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» атты алдын алу іс-шараларын өткізуде

None
АЛМАТЫ. Қарашаның 2-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматының жол сақшылары ҚР Ішкі істер министрінің нұсқауымен «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» атты алдын алу іс-шараларын өткізуде,

деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Аталмыш акция жол қозғалысы ережелерінің барлық бұзушылықтарын анықтау мен алдын алуға бағытталған. Осы күндері жол полициясының толықтай жеке құрамы күшейтілген түрде қызмет атқаратын болады. Апталық өткізудің басты мақсаты - жол қозғалысы тәртіптерін, соның ішінде өрескел болып табылатын - жылдамдықты асыру, қарама-қарсы бағыттағы жолға шығу, қауіпсіздік белдіктерін тақпау, қозғалыс кезінде ұялы телефонмен сөйлесу сияқты заң бұзушылықтар қамтылып, жол қозғалысы ережелерінің басқа да заң бұзушылықтары қатаң назарға алынады», дейді ІІД баспасөз қызметі.

Апталықтың бірінші түнінің ішінде полиция қызметкерлері  екі жарым мыңнан аса жол ережесін бұзушыларды ұстаған.  Оның ішінде ішімдікті пайдаланған - 125,  қарсы бағытта жолға шыққан 78, қауіпсіздік белбеуін тақпаған - 199 жүргізуші,  куәліксіз 87 жүргізуші бар. Алдын алу іс-шарасының нәтижесінде  205 автокөлік арнайы айыппұл тұрағына қойылған.

Сондай-ақ  іс-шара аясында полицейлер жолаушыларды, автокөліктерді, жүк тасымалдауды жүзеге асыру кезіндегі қауіпсіздікті бақылауға алып, жаяу жүргіншілермен жасалатын жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарға тосқауыл жасалатын болады.