Алмаз Шарман: Балалардың коронавирустың «дельта» штамын жұқтыруы 5 есе үдеді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі иммунолог Алмаз Шарман Қазақстандағы эпидемиологиялық жағдайды айсбергке қарсы жүзген кемеге теңеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатына тікелей байланыс арқылы қосылған Профилактикалық медицина академиясының президенті, Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі, профессор, иммунолог Алмаз Шарман COVID-19 індетінің «жасарып» келе жатқанын айтып, дабыл қақты.

«Балалар коронавирустың «дельта» нұқасымен 5 есе жиі ауыратын болды. Яғни, COVID-19 «жасарып» кеткен. Бірақ инфекцияның бала ағзасында қаншалықты агрессивті дамитыны әзірге белгісіз. Ересек адамдарға келсек, екпе алмағандардың шалдығуы жоғары болып тұр. Сондықтан вакцина коронавирус инфекциясының «дельта» және өзге де нұсқаларына қарсы қолданатын жалғыз қару болып отыр», - деді профессор.

Маман дельта-штамды вирустан толықтай қорғану үшін вакцинаның екі компонентін де толық алу керектігін ескертті.

«Вакцинаның бірінші компоненті «дельта» нұсқадан 17 пайыз нашар қорғайды. Екінші компонент алғаннан кейін қорғаныш қабілеті қалыпқа түседі. Эпидемияның «дельта» нұсқасы екпе алғандар мен алмағандардың арасындағы кеңістікті одан әрі кеңейтіп жіберді. Жұқтыру және өлім-жітім тәуекелі бойынша екі санаттағы адамдар екі түрлі әлемде өмір сүріп жатыр деуге болады. Екпе алғандар өзінің иммундық жүйесі дельта-штамнан қорғайтынына сене алады. Ал вакцина алмағандар пандемияның ең қауіпті фазасына өткенін түсінулері керек. Коронавирустан емдейтін дәрінің жоқ екенін ұмытпау қажет. Қазір біз оның салдарын ғана емдеп жатырмыз. Қан сұйылтатын және қабынуға қарсы дәрілер, өкпені жасанды жолмен желдету тәсілдерінің бәрі – салдарымен күресу ғана», - деді сарапшы.

Америка денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарманның айтуынша, бүгінде әлем бойынша 3 миллиардтан астам вакцина салынған.

«Әлемдегі әр 100 адамның 39-ы вакцина алған. Бірақ АҚШ, Изариль және Еуропа елдерінде вакциналау көрсеткіші жақсы болғанымен, әлемнің басқа өңірлерінде екпе қарқыны бәсең. Қазақстанда халықтың тек 17 пайызы ғана вакинаның бірінші дозасын, 10 пайызы екі дозасын бірдей алған. Мен елдің 80 пайыздан астамы екпе алмаған Қазақстанның жағдайын айсбергке қарсы жүзген кемеге теңер едім. Вакцина айсбергтің еруін жылдамдататын құрал болып отыр. Эпидемиологияға қарсы шаралардың кез келген түрі әлсіресе, айсбергке соғылу қаупі жоғарылайды. Қазіргі 80 пайыз халықтың екпе алмауы бізге жеткіліксіз. Бұлай кете берсе, айсбергке соғылатынымыз айқын», - деді иммунолог.