Алмазбек Атамбаев: Қырғызстанның сыртқы және ішкі күштері елді құлдыратуға белсенді әрекет етіп жүр

БІШКЕК. 25 қаңтар. ҚазАқпарат - Сенбі күні Қырғызстанның мемлекеттік резиденциясында өткен салтанатты шара барысында елдің 2013 жылғы даму қорытындылары туралы баяндамасында президент Алмазбек Атамбаев мемлекеттің егемендігіне қауіп төндіретін сыртқы және ішкі күштердің бар екендігін атап өтті.

«Көптеген сыртқы күштер елімізді құлдыратуға мүдделі. Еліміз қиын күндерді бастан кешіріп жатыр. Өз ойларын жүзеге асыру үшін мемлекетті құлатуға мүдделі ішкі күштер де белсене әрекет жасауда», - деп мәлімдеді қырғыз елінің басшысы.

Сондай-ақ Атамбаев осындай қиындықтар мен қауіп-қатерлерге қарамастан, 2013 жылы елдегі ішкі жалпы өнім көрсеткіштері мен басқа да факторлар Қырғызстанның реформаларға қарай бет бұрып, тәуелсіздікке құлаш жайып келе жатқанын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қырғызстанның мемлекеттік резиденциясында қырғыз басшысы экономиканың түрлі салаларының қызметкерлерін, белгілі спортшылар мен мәдениет қайраткерлерін республиканың әлеуметтік-экономикалық, интеллектуалдық және рухани әлеуетін дамытуға зор үлес қосқандары үшін салтанатты түрде марапаттаған еді.