Әлімхан Сыздықов Азия чемпионатында күмісті қанағат тұтты

Фото: Фото: olympic.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық Әлімхан Сыздықов грек-рим күресінен күміс жүлдегер атанды.

Осыған дейін спорттық жолында Азия ойындарында үшінші орынға ие болып, құрлық чемпионатында алтын, күміс және қола алған қазақстандық балуан 130 келіге дейінгі салмақта 20 жастағы ирандық Фардин Хедаятимен белдесті.

Ирандық спортшы белдесуді бірден қарқынды бастап, айқын басымдылықпен жеңіске жетті – 7:0.

Осылайша, Қазақстан қоржынына бір күміс, екі қола жүлде түсті.

Жарыстың алғашқы күні өзбекстандық балуандар тамаша күресіп, үш алтын медальді жеңіп алды. Атап айтқанда, 19 жастағы Айтжан Халмаханов (63 кг), Арам Варданян (77 кг және Жалғасбай Бердімұратов (87 кг) өз салмақ дәрежелері бойынша үздік шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ибрагим Магомадовтың екінші рет Азия чемпионатында қола жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.

Грек-рим күресінен Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына тағы бір қола түсті.