Әлназарова ұшақтағы оқиға жайында: парызымды орындадым, біреудің алдында ақталмаймын
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұшақта медициналық көмек көрсеткеніне күмән білдіргендерге жауап берді.
Еске салсақ, жақында министр ұшақта жағдайы нашарлаған жолаушыға алғашқы медициналық көмек көрсеткенін жазған едік. Оқиға Астана-Алматы бағытындағы КС 622 әуе рейсінде болған. Кейін осы видео әлеуметтік желіде тарап кетті.
— Өкінішке қарай, күмән білдіріп (әлеуметтік желіде) жатқандар бар екен. Бұл көмек көрсеткен бірінші жағдайым емес. Ұшақ жолаушысы оны видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып жіберген. Қан қысымы көтерілген жолаушыға алғашқы медициналық көмек жасалды, — деді Ақмарал Әлназарова Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Осы орайда ол кез келген дәрігер мұндай жағдайда көмектесетініне сенімді екенін айтып, медицина қызметкерлеріне жарнама керек емес екенін атап өтті.
— Сондықтан бұған күмәнмен қарайтындай ешқандай негіз жоқ деп ойлаймын. Әр адам өз пікірін айтуға құқылы және оған әсер ете алмаймын. Сондықтан аталған жағдайда өзімнің парызымды орындадым. Біреудің алдында ақталып тұратындай жағдайым жоқ, — деді министр.