Алша хотондарының қазаққа қандай қатысы бар?
Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық өлкесінің батыс алқабындағы Алша аймағына қарасты Шығыс Алша ауданында шартты түрде «моңғол мұсылмандары» деп аталып кеткен өзгеше этникалық топ өмір сүреді. Кей зерттеушілер олардың этникалық тегін қазақтармен байланыстырады.
Kazinform тілшісі осы мәселе бойынша тиісті деректерді бөлісуді жөн санады.
Алша хотондары деген кімдер?
Моңғол мұсылмандары әсіресе айтылған ауданның Баянмөрін, Усуты, Жартай, Өлеңбұлақ, Хан-ула ауылдарына шоғырланған. Халық санағында моңғол құрамына жатқызылатындықтан, олардың нақты саны туралы расталған ақпарат жоқ, шамамен 3000-ның айналасы болар деген болжам айтылады.
Моңғол мұсылмандары өздерін «хотон», «чантоу» (сәлделі, ертеректе қытайлар ұйғыр секілді мұсылман халықтарды кемсітіп осылай атаған), «чантоу хуйхуй» (қытайша: сәлделі мұсылман немесе ұйғыр мұсылмандары) деп атайды. Айтылған өңірге арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырған этнограф-ғалым Ма Пин «Хотон моңғол тілінде мұсылман деген сөз» дей келе, олар өздерін ешқашан моңғол деп санамайды деп нақтылай түседі. Оның айтуынша, хотондардың арасында өздерін ұйғыр немесе дүнген деп есептейтіндер аз емес.
Алша хотондары моңғол тілінде сөйлейді, моңғол жазуын қолданады, шаруашылық өмірі жергілікті моңғолдармен қарайлас, көбінесе мал шаруашылығымен шұғылданады, киім үлгісі де моңғолдармен бірдей. Хотондарды моңғолдардан айырып тұратын жалғыз бөгенай – олар ислам дінін ұстанады, өмір салты мұсылмандық қағидаларға негізделеді. Өзге моңғолдар оларды «Кебір моңғолдары» деп атайды. «Кебір» сөзі, моңғол тілінде де біздегідей шөлді жазық деген мағына беретінін айта кеткеніміз жөн болар.
Алша хотондарының этникалық тегі жайлы қытайлық ғалымдар арасында бір ауызды пікір қалыптаспаған, әртүрлі болжам, жорамал айтылады. Мысалы, қытайлық белгілі өлкетанушы Чэн Гоцзюнь (1872-1941) өткен ғасырдың басында өзінің «Алша ауданының шаруашылық өмірі» дейтін еңбегінде хотондар жайлы «Цин әулетінің цяньлун жылдары (1736-1796) жасақбасы Лувсандоржының жорығы кезінде тұтқынға түскен қазақ сарбаздары, олар сәлделі мұсылман атанады, арада ұзақ уақыт өткендіктен, қазіргі күнде моңғолдардан айырмасы қалмады, моңғол тілінде сөйлейді, салт-дәстүрі де моңғолмен бірдей, бар айырмасы мұсылмандық қағидаларды ұстанады. Қазіргі күнде Шағантоғай, Кебір өңірлерін мекендейді. Ұзын саны 200 отбасы» деген мәлімет ұсынады.
Алша хотондары жайлы алғаш мәлімет бергендердің қатарында қазіргі қытай журналистикасының негізін қалаушылардың бірі Фань Чанцзян-ның да есімі аталады. Ол «Құлан жотасының төрт қапталы» дейтін жолжазбасында былай деп жазады: «Қырлы мұрны мен қой көзіне қарап-ақ олардың нағыз моңғолдардан айырмасы бар екенін біле қойдым. Олар - өздерін «мұсылман моңғол» деп атайтын өзгеше халық. Олар киіз үйде отырады, бір-бірімен моңғолша сөйлеседі, моңғолша киінеді, моңғолдар секілді көшіп-қонып жүреді. Бірақ олар ламаизмды емес, исламды ұстанады. Алыстан молда шақырып, құран оқытады. Өздерінің айтуынша, Құмыл төңірегінен көшіп келіпті. Шамасы, олар - Шынжаңдағы шығыс түріктердің бір тармағы. Қазіргі күнде ұзын саны 300 үйдей». Осы дерекке сілтеме жасаған кейінгі авторлар осында айтылған шығыс түріктерді ұйғырлар деп ұйғарады.
Жеті атаға бөлінген
Келесі болжамды өлкетанушы, тарихшы, моңғол ғалымы Тупжырғал өзінің «Исламды ұстанатын моңғолдардың шығу тегі» дейтін мақаласында ұсынады. Оның айтуынша, Алша хотондарының этникалық құрамы күрделі. Атақты Гуши ханның немересі Іркібатыр тайшы Жоңғар әміршісі Қалдан Бошоқтымен дәм-тұзы жараспай, 1686 жылы Шығыс Тяньшань мен Хэси дәлізі аймағынан Алша өңіріне қоныс аударғанда, көштің қатарында бұған дейін мұсылмандықты қабылдап үлгерген сайрам, андағай, барғұт, ұйғыр, жоңғар руларының өкілдері болған. Кейінірек цяньлун жылдары олардың қатарын жорықта қолға түскен қазақ, өзбек тұтқындары және жаугершіліктен жан сауғалап барған дүнген, салар секілді мұсылман халықтарының өкілдері толықтырған.
Осы айтылғаннан басқа Қытай аумағын мекендейтін моңғол тілді мұсылман халықтары дунсян (өздерін «сарт» деп атайды) мен томандар да Алша хотондарының құрамын толықтырған маңызды этникалық топтар ретінде қарастырылады. Шынымен де моңғол мұсылмандарының этникалық құрамы өте күрделі екенін танытатын деректер аз емес. Мысалы, шежіре бойынша олар жеті атаға (тек) бөлінеді һәм қытай иероглифтерімен Ань, Се, Хэ, Дуань, Вэй, Ху және Цзо деп таңбаланады. Жергілікті шежірешілердің аузынан жазып алынған мәлімет бойынша, осы айтылған аталар ретімен андижандық, сайрамдық, қарақас, қырғыз, ұйғыр, барғұт және жоңғар деген сөздерге сәйкес келеді. Андижан, Сайрам атаулары олардың этникалық тегінің, аз ба, көп пе, орта азиялық халықтармен байланысты екенін білдірсе керек. Әсіресе, осындағы қарақас атауы айрықша назар аудартады. Қазақта орта жүз құрамындағы абақ керей тайпасының іргелі руларының бірі қарақас деп аталады. Бұл кездейсоқ сәйкестік пе, әлде тамырластықтың көрінісі ме? Оны дәп басып айту бүгінгі күнде мүмкін емес.
Жинақтап келгенде, моңғол мұсылмандары деп аталатын Алша хотондары - этникалық тегі жағынан мейлінше араласқан, синтезделген құрама этностық топ, ауызша және жазбаша деректер бойынша, олардың құрамында XVII ғасырға дейін исламға мойын ұсынып үлгерген моңғол рулары, 1731 жылы Іркібатырдың ұлы Абау Көккөл (Цинхай) өлкесінен Алша аумағына жер аударып әкелген мұсылмандар (дүнген мен томан болу керек), 1747 жылы алшалық әскербасы Лувсандоржы императордың жарлығымен жоңғарларға қарсы жорық тартып, Әмірсананың ізімен орыс шекарасына дейін ат ойнатып барғанда, қапияда тұтқынға түсіп, айдап әкетілген қазақ, қырғыз сарбаздары, сондай-ақ, қазіргі Шынжаң өлкесінің шығыс қақпасы – Құмыл өңірінен әрқилы тарихи кезеңде қоныс аударып барған (көбінесе сауда бабымен және бұндай ауыс-түйіс өткен ғасырдың орта шеніне дейін үзілмеген) ұйғыр, өзбек халықтарының өкілдері де болған. Этникалық әртектілігіне қарамастан, ортақ сенім, рухани ауызбіршілік арқасында олар қытайлық моңғолдар құрамына енетін өзгеше діни-этникалық топ ретінде қалыптасқан деп айтуға болады.
Қалай айтқанмен, арғы тегі отан тарихының аса күрделі әрі алмағайып кезеңімен ұштасып жатқан моңғол мұсылмандары – Алша хотондарының өткені мен кеткені қазақ оқырмандарын бейжай қалдырмас деген оймен қолға қалам алған жайымыз бар, ендігі байлам өзіңізден.