Алтай Әбибуллаев ҚР СІМ жүйесінде қалуы мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанның Польшадағы бұрынғы Елшісі Алтай Әбибуллаевқа қатысты мәселеге түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәселенің мән-жайы шаруашылық субъектінің коммерциялық қызметіне араласуға әрекет жасауға байланысты болып отыр. Болашақта осы тектес жағдайлар қайталанбас үшін біз тиісті қорытынды шығарып, қажетті қадамдарды қабылдаймыз»,-деді министр Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін.

Осы орайда ол тиісті органдар тарапынан сотқа дейінгі тергеу амалдары болғанын жеткізді.

«Бұл ретте тергеу амалдарының құпиялығы, кінәсіздік презумпциясы, сондай-ақ адамның абыройы мен адамгершілігі ұстанымдары назарда болуы тиіс»,-деді Әбдірахманов. 

Сонымен қатар ол Сыртқы істер министрлігі Алтай Әбибуллаевты сыртқы саяси ведомствоның жүйесінде қалдыруды жоспарлап отырғандығын атап өтті.

«Соңғы 20 жылда оның сыртқы саяси ведомство жұмысына қосқан үлесі мен тәжірибесін ескере отырып, СІМ жүйесінде қалдыруды жоспарлап отырмыз. Аталған шешімдер мен еңбек заңнамасына сәйкес, Алтай Әбибуллаевты жұмыспен қамтудың түрлі нұсқаларын қарастыру үшін ешқандай да кедергілер жоқ»,-деді ол.

Бұған дейін хабарланғандай, Астанада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысында Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі А.Әбибуллаевты мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы мәселе қаралған болатын. Комиссия отырысының қорытындысы бойынша А.Әбибуллаевқа қызметке сәйкестігінің толық еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс енгізуге шешім қабылданды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Алтай Әбибуллаев Қазақстан Республикасының Польшадағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметінен босатылды.