"Мына шаңғы курортында келушілерге барлық жағдай жасалған. Ұзындығы 65 шақырым болатын 61 сырғанау жолы бар. Алтайға шаңғы тебуге арнайы келетін туристтер көп. Былтыр 18 мемлекеттен келді. Оның ішінде Қазақстан да бар. Шаңғы маусымы енді ашылып жатыр, оның үстіне Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасында визасыз режиім енгізілді. Биыл Қазақстаннан қыстың осы спорт түрімен шұғылданатын туристер көптеп келеді деп болжануда", - деді тау шаңғы курортының өкілі Шы Жи Го.
Алпыс жастағы Серікбек Кенжеханұлы шаңғыны алты жасынан бастап тебеді. Кішкентай кезінде жотадан сырғанап үйренген ол бүгінде шаңғымен күніне 15-20 шықырым жерді жүріп өтеді.
"Алтай аймағында шаңғы теппейтін адам жоқ. Еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін шаңғы тебуді жақсы меңгерген. Алтайлық балалардың ойыны осы - шаңғы. Аймақтың аты айтып тұрғандай, бізде алты ай қыс болады. Алғашқы қар қазанның соңында түсіп, мамырға қарай ериді", - дейді ол.
Айтуынша,шаңғы - адам денсаулығына ең пайдалы спорт түрінің бірі.
"Денсаулыққа өте пайдалы. Осы спортпен шұғылданған адам ауырмайды. Оны нық сеніммен айта аламын. Мысалы, мені дәрігерге қазір апарсаңыз да болады. Ешқандай дерт таппайды", - дейді ол.
Алтай аймағында төрт тау шаңғы курорты бар. Соның бірі - Алтай қаласының маңында орналасқан халықаралық Цзянцзюньшань шаңғы курорты. Бұл жерге 2022-2023 жылғы маусымда 439700 турист келген. Оның 244 500-і шаңғышы.