Алтай қаласында 1 маусымнан бастап ыстық су беру тоқтатылады

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Шығыс Қазақстан облысындағы Алтай қаласында 1 маусымнан бастап ыстық су болмайды.

Фото: Pexels

Алтай ауданында ауа температурасының жылынуына байланысты 27 сәуірден бастап жылыту маусымы аяқталады. Келесі қысқы маусымға жылу желілері мен жабдықтарды сапалы дайындау мақсатында ыстық сумен жабдықтауды жоспарлы түрде өшіру кестесі бекітілген.

Алтай қаласында ыстық су беру 1 маусым мен 30 тамыз аралығында тоқтатылады. Ал Жаңа Бұқтырма кентінде жоспарлы өшіру 1 тамыздан 25 тамызға дейін жүргізіледі. 

– Сонымен қатар Жаңа Бұқтырма тұрғындарына кентте жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту бойынша тиісті жұмыстар жалғасып жатқаны ескертілді. Осыған байланысты жаз мезгілінде құрылыс-монтаж жұмыстары үшін көрсетілген кестеден тыс қосымша уақытша ыстық су өшірулері болуы мүмкін, - деп хабарлады аудан әкімдігінен. 

Еске салсақ, осыған дейін Семейде алғаш рет 685 үйге ыстық су берілгені хабарланған.