Бірақ, бұл жолы қазақтың жер-суға арналған әндері туралы да, қазақтың табиғатқа деген құрметі туралы да жазғалы отырған жоқпыз. Біз сөз еткелі отырған ғажайып пен қазақтың осы өнерінің түйісер тұсы болғанынан кейін ғана сөз арасына қыстыра кетпекпіз. Қытайдың Алтай аймағында Мағазы Раздан есімді ақын, жазушыны білмейтін жан кемде кем. 1998 жылы дүниеден өткен. Осы ағамыздың «Көрікті жер, батыр ел» атты әні бар. Сол әнді осы күнге дейін артында қалған елі тебірене айтып келеді. Әннің бір шумағы былай келетін еді: Көрген шақта Күмістінің құйғанын, Жұлдыз ағып түскен жерді қимадым. Кереметтің мекенінде тұрғанда, Етек-жеңім кең жазыққа сыймады...
Бұл шумақта айтылып отырған мекеннің «Күмісті», «Жұлдыз ағып түскен жер» аталуы бекер емес. Біздің тарқатқалы отырған тақырыбымыз да осы мекен және сондағы ғажайып тас жайлы болмақ. Бұл жер Қытайдағы Алтай аймағы Шіңгіл ауданына қарайды. Яғни, Алтай қазақтарының байырғы мекені. Осы Күміс тас жайлы алғаш Алтай қазақтарынан, әсіресе осы Шіңгіл, Қаба, Көктоғай аудандарынан атамекенге оралған азаматтардан естідім. Бәрінің айтатыны ұқсайды бір-біріне. Әсіресе, Әкімбек Ардақ есімді бір бауырымыздың әңгімесі қызықтыра берді: «Сол Күміс тас аспаннан түскен дейді. Артса, қырық түйеге жүк болады екен. Біздің аталарымыз көзбен көріпті. Әшекей бұйымдар жасайтын кезде ұсталар басына барып, құрбандыққа мал шалып, аздап шауып алады екен. Бірақ құрбанға шалған малыңның құнына шамалас қана күміс түседі екен». Осылай кете береді. Көзбен көрмеген соң ондайдың болуы мүмкін еместей көрінетін. - Қазір қайда ол тас, - деймін мен де қызығып. - Қытайлар алып кеткен, - дейтін де қоятын ол. Баяғыда балқытып жіберген шығар деп ойлап қойғанмын. Бірақ, кейін сұрастыра келсем, әлгі тасымыз дін аман Үрімжі қаласында көрмеде тұр дейді. Адам естігенін қиялында бейнелейді ғой. Менің де көз алдыма шөккен нардай үлкен күнге шағылысқан аппақ күміс тас келе беретін. Содан ғаламтор дейтін жердің қай түкпіріне де «қолыңды жеткізіп», бейнесін алдыңа әкелетін кереметтің арқасында аспаннан түскен тастың суретін тауып ала қойдық. Бірақ, Күміс тастың суретін көргенде шын тас пен қиялдағы бейненің арасы жер мен көктей болып шықты. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұның түрі күміске еш ұқсамайды. Бірақ ол әу баста аппақ күмістей жарқырап тұрыпты. Халық сол себепті де Күміс тас атаса керек. Мәліметтерге сүйенсек, біздің Күміс тасымыз, расында, аспаннан түскен - метеорит. 1898 жылы оны жергілікті тұрғындар тауып алыпты. 1917 жылы ол санаққа алынып, зерттеу жұмыстары басталған. 1930 жылдары әйгілі саяхаттанушы, географ ағылшындық Марк Аурель Стейн мен шведтік Свен Андерс Гедин бұл метеоритті иемденуге тырысқан, бірақ өте ауыр және үлкен болғандықтан алып кете алмаған. 40 жылдары Гоминьдан әскері метеорит құрамында күміс бар деп ойлап оны 7-8 күн бой отқа өртеген, осылайша құрамындағы күмісті ерітіп, өндіріп аламыз деп ойлаған. Соның салдарынан метеориттің бетіндегі ғажайып күміс түстес жолақтары балқып кетіп, кара-қоңыр түске боялған. 1965 жылы Қытай билігі метеоритті 40 тонналық жүк көлікпен бір ай бойы тасып, Шыңжаң орталығы Үрімжі қаласына әрең дегенде жеткізген. Бұл метеориттің ауданы 3.5 метркуб, ұзындығы 242 см, ені 185 см, биіктігі 137 см, салмағы 30 тоннаға жуық. Африкада табалған 60 тонналық және Гренландияда табылған 33 тонналық метеориттен кейінгі жер бетінде табылған үшінші үлкен метеорит саналады екен. Метеориттің негізгі құрамы: 88,67% темір мен 9,27% никель. Сонымен қатар, одан тағы кобальт, хром, кремний, күкірт, мыс элементтері және 6 түлі жер бетінде табылмаған минералдар табылған. Қазақ ақындары әнге қосқан күміс тастың тылсым сыры осында болса керек. Ербол ЖАНАТ