Алтай Көлгінов әлі күнге қызметтік көлікті жалға алып жүр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов әлі күнге қызметтік көлікті жалға алып, мініп жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көп талқылауға түскен қызметтік көлікті әлі сатып алғаным жоқ. Біз мемлекет қаражатын үнемдегіміз келді және оны үнемдедік те. Менде бюджет қаражаты есебінен сатып алынған қызметтік көлік жоқ. Біз оны жалға алып отырмыз. Немістің «Ауди» көлігін 250 мың теңгеге жалға алдық. Бұл біршама арзанға түседі. Иә, Қазақстанда құрастырылған көліктер де бар. Бірақ, жалға алу қазақстандық автомобильден де арзанға түседі», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысы елімізде құралған КИА көлігіне тапсырыс беріп қойған. Сондықтан қызметтік көлікті жалға алу жаңа жылда аяқталатын болады.

«Келешекте барлығымыз қазақстандық көлік мінеміз. Біз қажеттіліктерге қарай сатып аламыз. Өздеріңізде білесіздер, әрбір 5 жылдан соң тозған автомобиль жаңартуды талап етеді. Біздің автомобиль құрастырушылар сапасын қарастырулары керек. Сын айтайын деп отырғаным жоқ. Дегенмен, сапасы мен бағасы қолайлы болса барлығы да сатып алады. Автомобиль өнеркәсібіміз даму үстінде, үлкен қаражат салынуда. Сондықтан автомобиль өнеркәсібінің болашағы бар деп есептеймін», - деді Алтай Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингтен кейін БАҚ өкілдеріне.