Алтай Көлгінов елордалық полицейлермен кездесті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов елордалық Полиция департаменті қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында қала әкімі елорда полицейлерінің жұмыс жағдайымен танысып, учаскелік полиция инспекторлары жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Елордада құқық бұзушылықтардың саны төмендеген. Қалада 30-дан астам учаскелік полиция пункттері орналасқан, олардың біршамасы жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.

Қала басшысы Президенттің: «жергілікті полиция қызметі реформасы аясында негізгі рөл «полиция қадамдық қолжетімділікте» қағидаты бойынша жұмыс істеуі тиіс учаскелік полиция инспекторларына жүктеледі. Осы ретте полицияның жұмысына және азаматтарға қолайлы болу үшін барлық жағдай жасалатын болады» - деген сөзін атап өтті.

Кездесуді қорытындылай отырып, Алтай Көлгінов Жаңа жыл қарсаңында полиция жеке құрамын келе жатқан мерекемен құттықтап, жұмыста жақсы нәтижелерге қол жеткізулеріне тілектестігін білдірді.