Алтайда 70 бірқазанның басын тасымалдаған азамат сотталды
13:19, 21 Қазан 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан азаматы «Мерседес» көлігімен кептірілген құс басын тасымалдағаны үшін сотталды. Ол жүкті Алтай арқылы Моңғолияға сату үшін апара жатқанын мойындады, деп хабарлады Тайга.инфо.
Батыс Сібір көлік прокуратурасының деректеріне сүйенсек, ер адам 70 кептірілген бірқазанның басын сатып алған. Тауарды Ресейге апару үшін ол құс бастары салынған үш сөмкені өзінің танысының көлігіне жасырған. Контрабандашы шекарадан өтпек болғанда ұсталды. Тауар құны 6,8 млн рубльге бағаланды.
Алдын ала тергеу барысында фигурант айыбын толықтай мойындап, өкініш білдірді. Ол құстың бастарын Таулы Алтай арқылы Моңғолияға алып өтпек болғанын айтты.
Сот оған бір жарым жыл сынақ мерзімімен шартты түрде үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.