Түркия мен Қазақстан қорғаныс саласында ынтымақтастық артып келеді — TRT
Түркия мен Қазақстанның қорғаныс саласындағы ынтымақтастығы артып келеді. Атап айтқанда, Қазақстанда Түрік аэроғарыш өнеркәсібі АҚ «TUSAŞ»-тың шығарған «ANKA» ауыр класты пилотсыз әуе көліктерінің әскери мақсатты тәжірибелері жалғасуда.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Түркиялық БАҚ-тың мәліметінше, OTOKAR компаниясы жетілдірген «COBRA II» броньды көліктерінің Қазақстан Қорғаныс министрлігінің инвентарына осы жылдың соңына дейін енуі күтілуде.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрлігінің ресми интернет парақшасында Қорғаныс министрлігінің бірінші жартыжылдықтағы қызметі туралы есеп те жарияланды.
«ANKA» пилотсыз әуе көліктерімен бірге жыл соңына дейін Қазақстан Әуе қорғаныс инвентарының заманауи әскери ұшақтарымен, «А400М» әскери жүк ұшақтары және жоғары дәлдіктегі зымыранды ұшақ қағар құрылғыларымен одан әрі нығайту көзделуде», — деп жазған түркиялық БАҚ.
Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Ататүрік туған үйге келуші көп» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, Түркия Республикасын құрушы Мұстафа Кемал Ататүріктің Грекияның Салоники қаласында дүниеге келіп, 7 жасына дейін тұрған. Бұл үй — қазір мұражай. Сол мұражай-үйге зияраттап келушілер саны өте көп.
1933 жылы сатып алынып, Мұстафа Кемал Ататүрікке сыйға тарту жоспарланған үйдің кілті Түркияның Салоникидегі бас консулдығына 1937 жылы тапсырылған. 1953 жылы келушілерге есігін ашқан мұражай-үй 2012 жылғы ауқымды реставрациядан кейін қазіргі күйіне келген.
Айта кету керек, қазір осы мұражайға Түркиядан және әлемнің көптеген елінен қонақтар келеді. Әсіресе жаз айларында Грекияға демалыс үшін келгендер міндеттен түрде соғып кетеді.
Қытайда сағатына 1000 шақырым жүретін пойыздың алғашқы сынағы сәтті өтті — «Халық газеті»
Қытайдың Шаньси өлкесінің Датун қаласындағы Янгао ауданында жоғары жылдамдықты көліктерді сынау базасынан алған ақпаратына сәйкес, жақында Қытай әзірлеген ультра жоғары жылдамдықты төмен вакуумды құбырда маглев тасымалдау жүйесінің толық өлшемді сынақ желісі (I Фаза) төмен вакуумды ортада жүйені біріктіру демонстрациясын және тексеру сынағын сәтті аяқтады.
Бұл жайында Қытайдың «Халық газеті» басылымы «Science and Technology Daily» газетіне сілтеме жасап хабарлады.
Аталған алғашқы сынақта күшті навигатор қолданылған.
«Жоғары жылдамдықты көлік жобасының құрылысы 2022 жылдың сәуір айында Датун қаласының Янгао ауданында ресми түрде басталды. Жоба аэроғарыштық технологиялар мен жер үсті теміржол транзиті технологияларын біріктіреді. Мақсат — сағатына 1000 шақырым жылдамдықпен жүре алатын теміржол пойыздарының ультра жоғары жылдамдықтағы „жер бетінде ұшуына“ қол жеткізу», -деп жазады қытайлық БАҚ.
Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қытай — Қазақстан — Өзбекстан бағдары бойынша жүкті жедел жеткізу ұйымдастырылды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Қытайдың «Халық газеті» басылымының «rail-news.kz»-ке сілтеме жасап хабарлауынша, контейнерлік пойыз рекордтық 5 күнде 4486 шақырымдық жолды жүріп өткен.
Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, жүк құрамы Сиань қаласы портындағы Қазақстан-Қытай терминалынан жөнелтілді. Контейнерлер KTZE Khorgos Gateway Құрғақ портында қайта тиелді және ҚТЖ желісі бойынша Сарыағаш шекара маңы станциясына, одан әрі соңғы нүкте — Орталық Азияның ірі көлік хабы Ташкент станциясына дейін жүруді жалғастырған.
Астанада «Өзбек киносының күндері» өтіп жатыр— «ӨзА»
Қазақстанның бас қаласы Астана қаласында «Өзбек киносының күндері» өтіп жатыр. Оның аясында Кинематография агенттігінің тапсырысы бойынша Музаффархан Эркинов түсірген «Абдулла Арипов» көркем фильмінің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпараттық агенттігі.
Өзбекстанадық БАҚ-тың дерегінше, сондай-ақ, Өзбекстан Республикасы Мәдениет министрлігі Кинематография секторын үйлестіру басқармасының бас маманы Отабек Жураев, Кинематографияны дамыту орталығының директоры Фуркат Усманов, Кинематографияны дамыту жөніндегі Орталықтың халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Сайёра Худойбердиева, актер және режиссер Самидхан Лутфуллаев пен ҚР Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Жұмағали Құрманбек арасында ынтымақтастық кездесуі өтті.
Кинематография агенттігінің ақпарат қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Өзбекстан мен Қазақстан киногерлерінің бірлесіп түсіруі жоспарланған «Әл-Фараби» көркем фильмі талқыланған.
«Сонымен қатар, Өзбекстан делегациясы қазақстандық кинематографистерді қыркүйек айында Ташкентте өтетін „Жібек жолының жауһары“ XVI Ташкент халықаралық кинофестиваліне шақырып, алдағы уақытта жан-жақты ынтымақтастық орнатуға уағдаласты», — делінген хабарламада.
Алтайлық суретші 99 метрлік «Төрт мезгіл және жүз түйе» атты картина салды — «People.cn»
Жақында Шыңжаңның Алтай аймағының суретшісі Жао Кэъи жарты жыл бойы салған қытайлық картина — «Төрт мезгіл және жүз түйе» деп аталатын еңбегін жариялады, деп хабарлады Қытайдың «Халық газеті».
Аталған басылымның дергінше, «Төрт мезгіл жүз түйе» суреті 79 туындыдан тұрады. Көктемде, жазда, күзде және қыста деп 4 бөлікке бөлінген. Суреттің әр бөлігінің ұзындығы шамамен 20 метр болады, ал жалпы ұзындығы 99 метрді құраған.
«Туынды Алтайдың төрт мезгілін фон етіп, өндіріс пен өмірдегі түйелердің көрінісін көрсетеді. Мыңға жуық түйенің пішіні әртүрлі кескінделген. Бұл суретшінің жетілген шеберлігін және туған мекеніне деген терең сүйіспеншілігін көрсетеді», — деп жазды қытайлық БАҚ.
Қағыр жазықты орманға айналдырған бүгінгінің батыры — Бекет Сұрағанұлы — «Жаңа дәуір»
Осы аптада Баян-Өлгейден шығатын «Жаңа дәуір» басылымында «Кең жазықты орманға айналдырған бүгінгінің батыры — Бекет Сұрағанұлы» деген тақырыптағы мақала жарық көрді.
Біз осы жолғы репортажымызда Баян-Өлгей аймағындағы Алтанцөгц сұмынынан 16 шақырым қашықтықта Цонжийн Хөдөө деп аталатын қағыр жерден 10 гектар аумақты жасыл желекті орманға айналдырған шаруашылық иесі Бекет Сұрағанұлы және жұбайы Гүлия Мақсұлқызының еңбегі туралы баяндаймыз, деп жазады «Жаңа дәуір».
Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметіне сүйенсек, 2009 жылы алғаш компания құрып, жазық далаға жүзге жуық шыбық әкеліп егеді. Қолмен яғни мотордың көмегімен сол талдарды суарып, шырғанақтың тұқымын отырғызады.
Алғаш осы жұмысты қолға алғанда кейбір адамдар келіп, мұндай тақыр жерге егін қайдан шықсын дейді. Келесі жылында егінінен ойдағыдай өнім алады. Сөйтіп жердің алыстығына, күннің ыстығы мен еңбектің ауырлығына қарамай осы жұмысқа бел шеше кіріседі. Жыл сайын ағаш санын қосып егу, көктемде жер жырту, тұқым себу, шырғанақтың ең таңдаулы сортын әкеліп отырғызу, білетін мамандардан тәжірибе жинау, ақыл-кеңестер алу тағы басқадай көптеген ізденістердің нәтижесінде бүгінгі таңда жайқалған ну, ит тұмсығы өтпестей тұтасқан орман болған.
10 гектар жерде қайың тал терек қатарлы ағаштар өсумен бірге, шырғанақ, қарақат, сарымсақ, қызылша, картоп тағы басқадай әртүрлі көкеністер егіліп отыр.
«Бекжанай» деп аталатын компанияның директоры Бекет Сұрағанұлы берік ұстанымның арқасында ел күтпеген нәтижелерге қол жеткізген. Екінің бірінің қолынан келмейтін ауқымды шаруаны бастаған ол Ховд өзенінің арнасын бұрып, бөгеу сап, 6 шақырым жерге астына тас төсеп, цементтеп арық қазып, егініне су әкелген.
Негізінде Бекет Сұрағанұлының мамандығы — спорт мұғалімі екен. Аймаққа аты шыққан тұңғыш халықаралық былғары қолғап шебері болған. Бұл кәсіпке кірісуде мамандардың ақыл-кеңесіне, тәжірибесіне сүйенген.
Ирандық деректі фильм халықаралық кинофестивалде алтыншы рет үздіктер қатарында — Parstoday
Иранның «Дем» атты деректі фильмі Италия кинофестивалінің (Nebrodi Cinema DOC international Festival) финалына шықты.
Бұл кинофестиваль әлеуметтік және экологиялық мәселелер бойынша тәуелсіз режиссерлерді қолдау мақсатында 7-13 қазан аралығында өтеді, деп хабарлады Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі.
Аталған агенттіктің мәліметінше, Бехзад Резаидің режиссерлігімен түсірілген «Дем» ирандық деректі фильмі алтыншы рет халықаралық фестивальде көрсетіліп жатыр.
Атап айтқанда, бұған дейін аталмыш деректі фильм 43-ші Paladino d’Oro Sport Film Festival кинофестивалінің «Өзге кино» бөлімінде үздік фильм сыйлығын алған. 11-ші Түрік Жібек жолы фестивалінің финалисті болды, Италияның ностальгиясы және АҚШ-тың Дүниежүзілік музыка және тәуелсіз кино фестивалі (World Music & Independent Film Festival) мен Үндістанның Джайпур кинофестивалінің ең үздік деректі фильм номинациясына ие болған.
Айта кетейік, Иранның «Дем» атты деректі фильмі коронавирус індеті кезінде адамдардың жалғыздығы және өзара байланысының жоқтығын, оның әлемнің әртүрлі елдеріндегі суретшілердің жеке өміріне, жалғыздығына және шығармашылығына әсерін бейнелейді.