Алты айда елімізде ұйымдасқан қылмыстық топтың 11 көшбасшысы ұсталды - ІІМ

Фото: Polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі биылғы 6 айда есірткімен байланысты 4 мыңға жуық заңбұзушылықты тіркеді, деп хабарлайды Polisia.kz.

Тіркелген заңбұзушылықтардың 1800-і ауыр және аса ауыр қылмыстар. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және басқару фактілері бойынша 21 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде екеуі трансұлттық сипатта. 11 көшбасшы және 43 қатысушы ұсталды. Заңсыз айналымнан алты тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. Мұның ішінде тәркіленген синтетиканың көлемі екі есеге өсіп, 570 кг құрады. 103 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды. Есірткі заттарын егудің 218 фактісі және 63 контранбанда фактісі анықталды. Жастар арасында танымал есірткі сайттарын бұғаттау үш есеге артты. Олардың саны 17 мыңнан асады. Сонымен қатар күмәнді операцияларға қатысы бар 24 мың шот бұғатталды, оларда 2,4 млрд теңге жинақталған.

- Есірткі профилактикасы ерекше назарда. 11 мыңнан астам есірткіге қарсы іс-шара өткізіліп, оған бір миллион жастар мен жасөспірімдер қатысты. Есірткі қылмысына қарсы күрес қоғамдық қауіпсіздік пен болашақ ұрпақты қорғау мақсатында күшейтілген тәртіпте жалғасатын болады, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.

Осыған дейін Алматы облысында биыл 8 есірткі зертханасы жойылғаны туралы жаздық.