Алты баласы бар отбасы Бурабай тауларында адасып кетті

Фото: ҚР ТЖМ

АСТАНА. KAZINFORM — Оқыс оқиға Ақмола облысы Бурабай ауданындағы «Көкшетау» маңында болған, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

— Бүгін күндіз Ақмола облысы Бурабай ауданында 7 адамнан оның ішінде 6 баладан тұратын отбасы, теңіз деңгейінен 920 метр биіктікте орналасқан таудың шыңына көтеріліп, түсу кезінде адасып кетті, — делінген хабарламада.

Отбасы таудан түсу кезінде бірқатар қиындыққа тап болды. Таудың тік еңіс жерлері өздігінен түсуге қауіпті болды, сонымен қатар отбасы мүшелері шаршап кеткен.

Көмек туралы дабыл алған ТЖМ қызметкерлері тез арада оқиға орнына шықты. Құтқарушылардың кәсібилігі мен жедел әрекеттерінің арқасында адамдар биіктіктен түсірілді. Медициналық көмекке ешкім мұқтаж болған жоқ.

Бұдан бұрын Алматы облысының тауларында туристтің адасқанын жазғанбыз.