Алты елдің футбол қауымдастығы ФИФА басшысы Инфантиноға қарсы шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Норвегия, Дания, Финляндия, Исландия, Швеция және Фарер аралдарының футбол қауымдастықтары Халықаралық футбол федерациясының (FIFA) президенті Джанни Инфантиноға деген сенімінің жоғалғанын мәлімдеді. Бұл туралы Норвегия футбол қауымдастығының сайтында жарияланды, деп хабарлайды Report .

Фото: Анадолу

Солтүстік Еуропаның 6 елінің өкілдері Хельсинкиде кездесіп, келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдады. Құжатта олар ФИФА басшысына қарсылық білдірді. Сондай-ақ қауымдастықтар Еуропалық футбол қауымдастықтары одағына (УЕФА) және Еуропаның ұлттық федерациялары ұсынған бастамаларға қолдау білдірді.

Олар ФИФА-ның ұйымды басқаруды немесе турнирлерді өткізуді бұдан былай жеке құрылымдарға бермейтініне заңды күші бар кепілдік беруді талап етті.

Мәлімдемеде ФИФА-ның басқару жүйесіне жан-жақты тәуелсіз тексеру жүргізу туралы талап та айтылған. Солтүстік Еуропа елдерінің өкілдерінің пікірінше, ұйымның басқару жүйесі 2016 жылғы реформаларда көзделген тәуелсіздік, ашықтық, есептілік және бақылау әрі тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ете ме, соны анықтау қажет.

Алты елдің бұл мәлімдемесі футбол қауымдастығында ФИФА-ның әлем чемпионатын өткізу құқығын сату жоспарларына қатысты наразылық күшейген тұста жасалды. Кейін Инфантино бұл идеядан бас тартты.

Еске салайық, Инфантиноның жоспарын сынаған FIFA басшыларының бірі қызметінен кетті.