Алты жылға сотталған Жақсылық Омардың үкімін апелляция өзгеріссіз қалдырды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Пара алғаны және алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылған Өскеменнің экс-әкімі, ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болған Жақсылық Омардың апелляциялық соты өтті.

Фото: instagram.com/zhaksylyk_omar

20 мамырда ШҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында Жақсылық Омардың апелляциялық ісі қаралды.

— Айыпталушы Өскемен қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 2-тармақтары, 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша (алаяқтық және пара алу) сотталған болатын. Бірінші сатыдағы сот үкімімен Жақсылық Омар мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салына отырып, 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған. Іс жәбірленуші мен қорғаушылардың апелляциялық шағымдары негізінде қаралды. Олар тағайындалған жазамен келіспей, оны тым қатаң деп санаған, — деп хабарлады ШҚО сотынан.

Сот алқасы бірінші сатыдағы сот айыпталушының әрекеттерін дұрыс саралаған, ал жаза түрі мен мөлшері заң талаптарына қатаң сәйкес тағайындалған деген қорытындыға келді.

— Сондай-ақ сот ауыр сыбайлас жемқорлық қылмысының қоғамдық қауіптілігін, мемлекеттік билік беделіне және қоғамның оған деген сеніміне нұқсан келтіретінін ескерді. Сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы сот үкімі өзгеріссіз қалдырылды, — делінген ақпаратта.

Еске салсақ, Еске салсақ, бұған дейін Жақсылық Омардың 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылғаны хабарланған. Сондай-ақ оның мүлкі, яғни Toyota Camry автокөлігі тәркіленіп, мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды

Кейін Жақсылық Омардың рақымшылыққа ілінбейтіні хабарланды. Себебі қолданыстағы қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталған тұлғаларға рақымшылық актілері мен шартты түрде мерзімінен бұрын босату нормалары қолданылмайды